Қазақстанда олимпиада чемпионы Бекзат Саттарханов туралы көркем фильм түсірілуде

АСТАНА. 12 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазақстандық режиссер Ермек Шахмет қазаққа бокстан алғашқы Олимпиада алтынын алып берген атақты боксшы, өмірден ерте озған талант иесі Бекзат Саттарханов туралы көркем фильм түсіріп жатыр.

Қазақстанда олимпиада чемпионы Бекзат Саттарханов туралы көркем фильм түсірілуде

ҚазАқпарат агенттігінің тілшісі осыған орай, режиссердің өзімен хабарласып, кино жайында ақпарат алған болатын. 

«Бекзат» атты картина 20 жасында Олимпиада ойындарының чемпионы атанған ерекше қабілетті боксшының өмірі жайлы болмақ. Бекзат Саттарханов Қазақстанның ең дарынды әрі сенсациялық спортшысы ретінде есімі ел есінде қалды. 1999 жылы ересек боксқа ауысқан балғын Бекзат, келесі жылы Олимп шыңын бағындырып, көк Байрағымызды Сидней аспанында желбіретті. 4 айдан кейін Бекзат жол-көлік апатында қайтыс болды.   

«Біз қазіргі уақытта түсірілім үдерісінің уақыты жайында ойланып жатқан жоқпыз. Себебі бүгін біздің алдымызда асықпай, жақсы киноны жасап шығару міндеті тұр. Бекзат туралы фильм түсіру - үлкен жауапкершілік. Ол - халық қаһарманы, ұлтының мақтанышы. Біз жобаға тыңғылықты дайындалудамыз. Фильм Бекзаттың туыстарына, жақындары мен дос-жарандарына ұнау үшін, әрине, барша халықтың көңілінен шығуы үшін қолымыздан келгенін жасаймыз», - деді Е.Шахмет.

Оның сөзіне қарағанда, туындымен оның «Shahmet Omniars» продюсерлік компаниясы айналыспақ. Түсірілім келесі жылдың сәуір айында басталады. Қазір режиссерлік сценарий жазылуда. Сонымен қатар актерлердің кастингісі жүріп жатыр. Режиссердің айтуынша, басты кейіпкерді, қазақстандық бокстың аңыз боксшысын Асылхан Төлепов («Жаужүрек мың бала») сомдайды. Фильмге басқа да отандық танымал актерлер мен спортшылар түседі. Киноның музыкасын жазуға еуропалық композитор, Италияның екінші президенті Луиджи Эйнаудидің немересі - Людовико Эйнауди шақырылған.  

«Фильм әлемдік масштабта болады деп күтіп отырмыз. Біз оны қазақстандық киносүйер қауыммен қатар, шетелдік көрермендердің де көргенін қалаймыз. Біз басқа киностудиялармен әріптестік жасасуға дайынбыз», - деп атап өтті Е.Шахмет.