Қазақстанда «Олимпиада күні» өтеді

АСТАНА. 17 мамыр. ҚазАқпарат - Мамырдың 19-ы күні Қазақстанда «Олимпиада күні» іс-шарасы өтеді.

Қазақстанда «Олимпиада күні» өтеді

Оның аясында барлық облыс орталықтарында, сондай-ақ Астана және Алматы қалаларында сан алуан спорт сайыстары ұйымдастырылады. Бұдан басқа, «Олимпиадалық жарыстар» тақырыбында суреттер конкурсы, «2012 Лондон Олимпиадасы» зияткерлік ойыны, ұлттық спорт түрлерінен арнайы жарыстар өткізу жоспарланған. «Олимпиада күні» іс-шарасына қатысқандардың барлығына Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті Жак Роггенің қолы бар куәліктер, ал жеңімпаздарға ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің арнайы сыйлықтары табысталады. Сондай-ақ демеушілердің жеке сый-сыяпаттары таратылады.

Айта кетейік, бұған дейін «Олимпиадалық жүгіру күні» ретінде аталып өткен мейрам соңғы жылдары «Олимпиада күні» болып тойланып келеді. Себебі оның аясында тек жүгіру жарыстары ғана емес, сонымен қатар спорттың басқа да түрлері бойынша сайыстар өткізіледі. Негізгі мақсат - халық арасында салауатты өмір салтын насихаттап, барлық қазақстандықтарды спортқа тарту.