Қазақстанда Омбы мұнай өңдеу зауытының битумын қолдануға тыйым салынады

АСТАНА. 20 маусым. ҚазАқпарат - Омбы (РФ) мұнай өңдеу зауытының және Шымкенттің «Битум зауыты» ЖШС-нің битумдары автомобиль жолдарын салуға жарамсыз деп танылды.

Қазақстанда Омбы мұнай өңдеу зауытының битумын қолдануға тыйым салынады

Бұл туралы ҚР ККМ баспасөз қызметінен хабарланды.

«Қазжол ҒЗИ» АҚ-ның мамандары еліміздің нарығына битум ұсынатын негізгі өндірушілер мен оны жеткізушілердің асфальтты-бетон үлгілерін сынақтан өткізді.

Зерттеулер нәтижесінде, Омбы мұнай өңдеу зауыты мен Шымкент «Битум зауыты» ЖШС-нің шығарған битумдарында жол сорабының пайда болуын болдырмау төзімділігі төмен деп танылды. Бұдан басқа, асфальтты-бетонның әдеттегіден тыс күйге ұшырауына қатысты қорытынды шығарылды. Атап айтқанда, бұл битум жол сорабының беткі қабатында қабыршақтың пайда болуына әкеліп соғады.

Өнімнің зерттеулер қорытындылары өндірушілерге жіберілді. Ал, Көлік және коммуникация министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің аумақтық бөлімдеріне, «Қазақавтожол» РМК, мердігер компаниялар мен облыс және қала әкімдіктеріне Қазақстандағы автомобиль жолдарын салу мен жөндеу жұмыстарын жүргізгенде Омбы мұнай өңдеу зауытының битумын пайдалануды уақытша тоқтату жөнінде хаттар жолдады.