Қазақстанда өмір бойғы бас бостандығынан айырылған 74 адам қамауда отыр
АСТАНА. Қазанның 15-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Еліміздің қылмыстық-атқару мекемелерінде өмір бойғы бас бостандығынан айырылған 74 адам қамауда отыр. Бүгін ҚР Парламенті Сенатының депутаттарымен кездесуі барысында еліміздегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеп жүрген адамдардың конституциялық құқықтарын сақтау мәселелерін баяндаған ҚР Әділет министрі Рашид Түсіпбеков осылай мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жиын барысында сенатор Иран Әміров бірқатар қылмыс түрлері бойынша өлім жазасы алынып тасталғанын, оның орнына өмір бойғы бас бостандығынан айыру үкімі жасалатынын айта келе, осы санаттағы сотталғандар саны арту мүмкіндігін алға тартты. Сондықтан да, сенатор Әділет министрлігінің өмір бойына сотталғандарды ұстап тұру мүмкіндігін сұраған болатын.
«2007 жылы Қазақстанда өлім жазасына кесілген адамдардың саны 29 болса, олардың барлығына кешірім жасалған болатын. Ал 2009 жылы 6 адам өмір бойғы жазаға кесілді. Жалпы, солардың барлығын қосқанда бүгінгі күні Қазақстанда 74 адам өмір бойғы бас бостандығынан айырылғандар ретінде қамауда отыр. Бұлар Қостанай облысында ерекше режимдегі түрмеде ұсталады. Бұл санаттағы сотталғандарды ұстап тұру үшін Павлодарда арнайы колония салынуда. Сондықтан да, елімізде өлім жазасының орнына өмір бойғы жазаға кесу үкімі артса, соның салдарынан осы санатпен сотталғандар саны көбейсе, оларды ұстауға мүмкіндіктер толық бар», деді Р. Түсіпбеков.