Қазақстанда ондаған мың литр алкогольдік өнім тәркіленді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылдың үшінші тоқсанында алкогольдік ішімдіктің 33 мыңнан астам шөлмегі тәркіленді. Бұл туралы Астанада өткен баспасөз мәслихатында ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі Жамбыл Сұрағанов мәлім етті.

Қазақстанда ондаған мың литр алкогольдік өнім тәркіленді

Оның сөзіне қарағанда, жалпы биылғы жылдың үшінші тоқсанында алкогольдік өнімнің айналымы саласында 89 рейдтік тексеру жүргізіліп, 12 031 000 теңгеге айппұл салынған.

«Жалпы сомасы 9 946 000 теңгені құрайтын алкогольдік өнім құйылған 33 694 шөлмек тәркіленді. Оның ішінде алкогольдік өнімді жөнелтпе құжатынсыз сату фактілері бойынша 23 278 шөлмек, есептік қадағалау маркасының болмауы және оның түпнұсқалығы фактілеріне байланысты 2 054 бөтелке, сондай-ақ тіркеу есебіне қоймастан алкогольдік өнімдерді сату тұрғысында 8 362 шөлмек анықталды»,-деді Ж. Сұрағанов.

Осы орайда комитет өкілі заңсыз алкогольдік өнімді анықтауға негізделген WIPON мобильдік қосымшасының тиімділігі туралы айтып берді. Бүгінде бұл қосымша Қазақстанның барлық азаматтарына қолжетімді.