Қазақстанда өңдеу өнеркәсібі көрсеткіші кен өнеркәсібінен басым түсті
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов 2018 жылдың 10 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары бойынша есеп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Министрдің айтуынша, кен өндіру өнеркәсібіне (4,6%) қарағанда өңдеу өнеркәсібінің (5,4%) озық өсу қарқыны байқалды. Осының есебінен 4,7% өсім байқалған.
«Өңдеу өнеркәсібінің озық өсуін негізгі өңдеу салаларында жинақталған өсу қарқындарының сақталуымен түсіндіруге болады. Бұл - машина жасау (14,2%-ке өсім), мұнайды қайта өңдеу (9,2%-ке), химия өнеркәсібі (8,5%-ке) және металлургия (4,2%-ке) өнімдерін өндіру», - деп атап өтті министр Үкімет отырысында.
Бұл ретте, бірқатар салаларда өндірістің төмендеуі де байқалады.
«Төмендеу фармацевтикада -4,6%, құрылыс материалдарын өндіруде -1,7%, сусындар өндірісінде -0,8%, дайын металл бұйымдары өндірісінде -0,3% және киім өндірісінде -0,1% құрады. Кен өндіру өнеркәсібі 4,6% өсті. Өсу қарқыны темір кенін (+8,1%), көмір және лигнит (+5,2%), табиғи газ (+4,9%), мұнай (+4,8%) және түсті металдар (+3,8%) өндіруді ұлғайтуға қатысты», - деді Т. Сүлейменов.