Қазақстанда өндірілген дәрі-дәрмектердің 30 пайызы экспортқа шығады

АСТАНА. 5 маусым. ҚазАқпарат - «ФармМедИндустрия» қауымдастығының президентi Серiк Сұлтановтың ойынша, қазақстандық фармацевтикалық компаниялар әлемдік деңгейде бәсекеге түсетін болады.

Қазақстанда өндірілген дәрі-дәрмектердің 30 пайызы экспортқа шығады

Бұл туралы ол бүгін Астанада халықаралық конференция барысында мәлім етті.

«Біз Қазақстанда салынып жатқан жаңа фармацевтикалық зауыттардың өнімдерін мемлекеттік сатып алуларға, бөлшек саудаға бағыттайтын боламыз. Ал өнімнің 30 пайызын экспортқа шығарамыз», - деп атап өтті С.Сұлтанов.

Оның айтуынша, бүгінде елімізде шетел инвесторларының қатысуымен бірнеше зауыт салынбақ. Одан шығарылған өнім сапасы әлемде ең беделді GMP халықаралық стандарттарына сәйкес шығарылмақ.

«Қазақстанда GMP халықаралық стандарттарына сәйкес фармацевтикалық зауыттарды салуға шетел инвесторларын таңдау барысында Қытай, Ресей, Украина және Үндістан компаниялары болды. Бірақ біз еуропалық нарықта орныққан компанияларды таңдадық. Бұл біздің басты басымдығымыз. Мысалы, «Santo Member of Polpharma Group» өзінің өнімдерін 50 елге таратады, «Abdi Ibrahim Global Pharm LLP» компаниясы - 30 елге, ал «Nobel» - 20 елден астам нарыққа шығып отыр», - деді ол.