Қазақстанда өндірістік жарақаттанудың ең жоғарғы көрсеткіштері құрылыс саласында орын алып отыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда өндірістік жарақаттанудың ең жоғарғы көрсеткіштері құрылыс саласында байқалуда. Бұл туралы бүгін еңбекті қорғау бойынша халықаралық конференция барысында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы Ақмәди Сарбасов айтып өтті.

Қазақстанда өндірістік жарақаттанудың ең жоғарғы көрсеткіштері құрылыс саласында орын алып отыр

«Жұмысқа байланысты оқыс оқиғаларды талдау нәтижесі көрсеткендей, өндірісте жыл сайын 2 мыңнан астам оқыс оқиғалар орын алады, оның ішінде 300-і өлімге әкеледі, сонымен бірге өлімнің 70%-дан астамы жұмыс берушілердің кінәларынан туындайды», - деді ол.

Оның атап өтуінше, өндірістік жарақаттың ең жоғарғы көрсеткіші Қарағанды облысына тиесілі (275 адам), одан кейін Шығыс Қазақстан облысында (228 адам), Қостанай (171 адам), Павлодар (170 адам), Ақтөбе облыстарында (137 адам) және Алматы қаласында (145 адам) байқалады.

Экономика салаларына жіктегенде, ең көп зардап шеккендер құрылыс саласында - 407 адам және тау-кен металлургия кешенінде - 298 адам.