Қазақстанда жасалған тұрмыстық техника ЕАЭО нарығына бағытталады

еуразиялық экономикалық одақ
Фото: pixabay.com

АСТАНА. KAZINFORM – Екібастұзда теміржол кластерін одан әрі дамыту қарастырылып отыр. Бұл туралы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев мәлім етті.

«Машина жасау саласында биылғы 3 айда өндірістің өсуі 24,9 пайызды құрайды. 2025 жылға қарай тұрмыстық техника өндірісін 360 мыңға дейін (Silk Road Electronics – 301 470, ALMATY TURMYSTYQ TEHNIKA ZAVODY – 60 000), жеңіл автомобильді 160 мыңға дейін («СарыаркаАвтоПром» ЖШС - 110 мың және «Hyundai Trans Kazakhstan» ЖШС - 50 мың автомобиль), сондай-ақ жолаушылар вагондарын 100-ге дейін, локомотивтерді 120-ға, платформаларды 500-ге, жартылай вагондарды 1,5 мыңға дейін ұлғайту жоспарланған», - деді Қ. Шарлапаев Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында.

Оның айтуынша, орта мерзімді перспективада бұл салада Екібастұзда теміржол кластерін одан әрі дамыту міндеті тұр.

«Кластер аясында жобаларды іске асыру теміржол машина жасаудағы оқшаулау деңгейін арттыруға, оның ішінде жолаушылар вагондары өндірісіндегі оқшаулау деңгейін 50 пайызға дейін жеткізуге мүмкіндік береді (2030 жылға). Сонымен қатар, тұрмыстық техника өндірісін (министрлік мәліметінше, ЕАЭО нарығында 9 млн доллардың өніміне тапшылық бар) қытайлық HTC Corporation компаниясы және Оңтүстік Кореяның Samsung Electronics компаниясы сияқты жаңа инвесторларды тарту арқылы (Инвестициялар 12 млрд теңге, қуаты 400 мың бірлікке дейін) Саран қаласындағы «Silk Road Electronics» ЖШС жұмыс істеп тұрған кәсіпорын базасын ұлғайту жұмыстары атқарылып жатыр», - деді министр.

Соңғы жаңалықтар