Қазақстанда өңірлердің инвестициялық рейтингтері енгізіледі
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Инвестициялық штаб отырысында инвестициялар тарту жөніндегі жаңа тәсілдерді іске асыру барысы қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.
Аталған тәсілдер ҚР Президенті жанындағы Реформалар жөніндегі Жоғары Кеңес отырысында таныстырылды.
Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев инвестициялар тарту жөніндегі қолданыстағы шаралардың тиімділігін кешенді бағалау мақсатында өңірлердің инвестициялық рейтингін енгізу жоспарланып отырғанын айтты. Ол инвесторлармен жұмыс істеу бойынша неғұрлым тиімді практиканы айқындауға мүмкіндік береді, сондай-ақ жергілікті билік органдарының жұмысын ынталандырады. Рейтинг сауалнама әдісімен алынған мәліметтер, сондай-ақ статистикалық деректер мен сараптамалық бағалау негізінде 50 индикатордан тұрады.
Өңірлердің инвестициялық рейтингі мен Инвестициялар жөніндегі ұлттық баяндаманы әр жылдың 1 тоқсанында шығару жоспарланып отыр. Ұлттық баяндаманың құрылымы екі апта ішінде Дүниежүзілік банктің, Еуропа қайта құру және даму банкінің, Азия даму банкінің сарапшыларымен келісілетін болады. Алынған ұсынымдарды ескере отырып, Экономикалық зерттеулер институты «Kazakh Invest» ҰК» АҚ-мен бірлесіп, рейтингтің бірінші шығарылымы мен 2020 жылға арналған баяндаманы дайындайды.
Премьер-Министрдің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді, Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттіктің төрағасы – «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) басқарушысы Қайрат Келімбетов пен «Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов «Business Connect» АХҚО бөлімшесі мен «Kazakh Invest» ҰК» АҚ сарапшыларынан құралған «Task Force» арнайы командасының жұмыс тәртібі туралы баяндады. Сауда және интеграция министрлігінің ұсынысы бойынша аталған командаға «Qaztrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ өкілдері де кіреді.
«Task Force» Үкімет атынан шетелдік инвесторлармен бірыңғай келіссөз жүргізуші ретінде әрекет етеді, стратегиялық инвестициялық келісімдердің жобаларын қалыптастырып, инвестициялық жобалар жөніндегі жұмысқа орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарды, квазимемлекеттік субъектілерді тартады, Инвестициялық штабтың шешімінен кейін операциялық қызмет басталғанға дейін инвесторларды сүйемелдейді.
