Қазақстанда өңірлерге қайтарымсыз трансферттер бөлу тәжірибесі тоқтатылады - С.Чайжүнісов
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда өңірлерге қайтарымсыз трансферттер бөлу тәжірибесі тоқтатылады. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуикациялар қызметінде өткен брифингте «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ басқармасының төрағасы Сергей Чайжүнісов айтты.
Ол өз сөзінде еліміздің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын жаңғырту мәселелеріне кеңінен тоқталды. «Нұрлы жол» бағдарламасында мол қаржы қаражатын бөлу көзделген. Мәселен, 2015 жылы шамамен 60 млрд. теңге бөлу жоспарланып отыр. Ал 2016 жылы 90 млрд. теңге және одан кейін жыл сайын 100 млрд. теңге бөлу қарастырылып отыр. Ағымдағы жылдың шілде айында жылу, сумен жабдықтау және су бұру жүйесін салу және жаңғыртуды несиелеу ережесі бекітілді», - деді С.Чайжүнісов. Оның сөзіне қарағанда, аталған ережеде бюджет қаржысын беру шарттары толық қарастырылған. «Бюджеттік несиелеудің негізгі мақсаты - өңірлерге қайтарымсыз трансферттер бөлу тәжірибесін тоқтату», - деді ол.