Қазақстанда онкологиялық қызметті дамыту бағдарламасы қабылданады

АСТАНА. 7 ақпан. ҚазАқпарат -Қазақстанда онкологиялық қызметті дамытудың 2012-2014 жылдарға арналған бағдарламасы әзірленуде, деп хабарлады Қазақ Онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры Қуаныш Нұрғазиев Pm.kz сайтына берген арнайы сұхбатында.

Қазақстанда онкологиялық қызметті дамыту бағдарламасы қабылданады

«Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітімді азайту жөніндегі нақты міндеттер қойылды. Оған қол жеткізу үшін онкологиялық қызметті дамыту және онкологиялық науқастарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жақсарту жөніндегі бағдарламаны іске асыру керек», - деді Қ. Нұрғазиев.

Жолдауда онкологиялық қызметті дамытудың екі бағыты ескеріліп отыр. Олар: қазіргі онкологиялық қызметті жаңғырту және «Ұлттық медициналық холдингі» АҚ-ның жанынан жаңа Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық салу бағыттары.

«Біз салалық бағдарлама әзірлеп жатырмыз, оны наурыз айының аяғында Үкіметтің қарауына бермекпіз. Салалық бағдарлама Денсаулық сақтау министрлігінің жұмыс комиссиясында талқыланды, түрлі медициналық ұйымдар мен жоғары оқу орындарында талқыланғаннан және Қаржы министрлігімен келісілгеннен кейін, құжат Үкіметтің қарауына беріледі»,- деп атап көрсетті директор.

Бұл бағдарлама 2012-2014 жылдар аралығында іске асырылады. Бағдарламалық құжатта нақты индикаторлар және бағдарламадан күтілетін нәтижелер көрсетіледі.

Қ.Нұрғазиевтің айтуынша, Қазақстан онкологиялық науқастарға стационарлық және амбулаторлық деңгейде тегін ем көрсететін аз мемлекеттің қатарында.