Қазақстанда онлайн-сауда жанданып келеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен жылы Павлодарда әлеуметтік желілерде заңсыз саудамен айналысқан 10 адам анықталған, деп хабарлайды pavlodarnews.kzі.
Бұл туралы Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Төлеген Сәрсембаев мәлім еткен.
«Ғаламтор арқылы тексеру жүргізудің нәтижесінде өз тауарларын әлеуметтік желі арқылы сатып жүрген кәсіпкерлерді шақырып алып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда жалпыға ортақ тәртіп бекітілген. Кез келген адам жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, патент алу керек немесе арнайы әлеуметтік салық режимінде жұмыс істей алады. Олардың барлығына әзірге ескерту жасалды», - дейді Төлеген Сәрсембаев.
Ведомство ұсынған мәліметке сүйенсек, облыстық ІІД және жылжымайтын мүлік орталығының атсалысуымен 2015 жылы 139 заңсыз жалға беру фактісі анықталған. Сондай-ақ, бұл жұмысты белсенді жүргізуге жуырда заңнамаға енгізілген уақытша тіркеу септігін тигізер деген сенім мол.
Айта кетейік, Қазақстан ТМД елдері бойынша ғаламтор арқылы сауда жасаудан үздік үштікке кірген. Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанда дағдарысқа қарамастан онлайн-сауда көлемі ары қарай арта бермек.