Қазақстанда орган трансплантациясын қажет ететіндер жиілеген
АСТАНА. KAZINFORM - «Қазақстан халқына» ҚҚ Басқарма төрағасы Болат Жәмішев елімізде 4 мың адамға орган трансплантациясы қажет екенін айтты.
«С.Д.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ университеттік клиникасында 2023 жылдың мамырынан желтоқсанына дейін көздің мөлдір қабығын трансплантациялау бойынша 93 ота жасалды», - деді Б. Жәмішев Орталық коммуникациялар қызметіндегі дөңгелек үстел отырысында.
Қор мәліметіне қарағанда, аталған мөлдір қабықты ауыстыруды қажет ететін 304 пациент трансплантация арқылы көру қабілетін қалпына келтіре алады. Қазақстанда донорлық материалдың жеткіліксіздігіне байланысты оны АҚШ-тан тасымалдау жүзеге асырылады. Жобаның бюджеті - 374 млн теңге.
«Жалпы, дәрігерлер қордан ақша қажет емес екенін айтып отыр. Яғни қайтыс болған адамдардың органдарын донорлық мақсатта алу үшін елімізде заңды өзгерту керек дейді. Жақында Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасымен тиісті конференция өткіздік. Министрлікпен бірге біз үкіметті де, қоғамды да трансплантация және донорлық туралы заңды өзгертуге шақыру мақсатында осы конференцияға қатыстық. Өйткені біздің еліміз бұл жағынан рейтингтің ең төменгі сатысына түсіп кетті, яғни 4 мың адамға орган трансплантациясы қажет», - деді Б. Жәмішев.