Қазақстанда ормандардың көлемін ұлғайтудың қадамдық жоспары бекітіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда ормандардың көлемін ұлғайтудың қадамдық жоспары бекітіледі. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстанда ормандардың көлемін ұлғайтудың қадамдық жоспары бекітіледі

Вице-министрдің айтуынша, бірқатар облыста соңғы жылдары ағаш отырғызу көлемінің азайып бара жатқаны байқалады. Егер Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің қарауындағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бойынша үстіміздегі жылы ормандарды молықтыру көлемінің ұлғаюы  байқалса, әкімдіктер қарауындағы орман шаруашылықтары бойынша облыстардың көпшілігінде бұл көрсеткіш төмендеп барады.

«Осы мәселені шешу үшін министрлік облыстардың әкімдіктерімен бірге облыс орталықтарының айналасында жасыл аймақтар құрып, ағаш отырғызудың жыл сайынғы көлемін кемінде 80 мың гектарға жеткізуді ескере отырып, Ормандарды молықтыру көлемін ұлғайтудың қадамдық жоспарын бекітетін болады. Осыған байланысты, құрметті Бақытжан Әбдірұлы, бүгінгі отырыстың хаттамасына әкімдіктерге осы жоспарды іске асыру үшін қажетті қаржыландыру көзін ескеру жөнінде тапсырма енгізілуін сұраймыз», - деді Ерлан Нысанбаев еліміздің Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа қарата.