Қазақстанда өрт оқиғалары 7,8 пайызға азайды – ТЖМ
Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Өртке қарсы қызмет комитеті басқарма төрағасының міндетін атқарушы Тілеуберді Мәдиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Құтқару мамандары әртүрлі сипаттағы төтенше жағдайларды жоюға күн сайын орта есеппен 100-150 рет шығады. Биылғы жылдың 8 айында 7 мыңнан астам өрт болып, 1 мыңнан астам адам құтқарылды. Өкінішке қарай, өрт кезінде 217 адам жарақат алып, 251 адам қайтыс болды. Жалпы, елімізде өрт санының 7,8% азайғаны байқалады. Оның ішінде тұрғын үй секторында 12,6%-ға азайса, бақыланатын нысандардағы өрт 1,5%-ға дейін төмендеген», - деді Т. Мәдиев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, өрттің 58 пайызы тұрғын үй секторларында болса, 18 пайызы көлікпен байланысты.
«Сонымен қатар биыл дала өрті үлесінің де 19,3%-ға дейін азайғанын байқап отырмыз. Соның 11,9% пайызы орманда тіркелген. Негізі заңнамаға сәйкес, орман қорын қорғау Экология министрлігінің Орман шаруашылығы комитетіне жүктелген. Сол сияқты далалық жер жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілік аймағы», - дейді ол.
Одан бөлек, ТЖМ өкілі өрттің алдын алуға арналған кешенді шараларға тоқталып өтті.
«Біздің қызметкерлер өрт және басқа төтенше жағдайлардың алдын алу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Осы орайда биыл өрт қауіпсіздігіне қатысты 14 мыңға жуық бірлескен рейд жүргізілді. Нәтижесінде ауыл шаруашылығы алқаптарында құрғақ шөптің бақылаусыз жануы, орылған шөпті өртеу және басқа да өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін 3 125 адам әкімшілік жауапқа тартылды. Халық арасындағы профилактикалық жұмыс өз жалғасын табады», - деді Тілеуберді Мәдиев.