Қазақстанда орташа жалақы есептеу әдісі қайта қаралады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда орташа жалақы есептеу әдісі қайта қаралады. Бұл туралы бүгін халықпен есептік кездесу өткізген ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстанда орташа жалақы есептеу әдісі қайта қаралады

«Мен шегерімдерді есептемегенде 120 мың теңге жалақы аламын. Өңірлерде 30, 50 мың теңге жалақы алатын азаматтар бар. Бірақ, ресми мәліметтерге сәйкес орташа жалақы шамамен 140 мың теңгені құрайды екен. Осыған қатысты не айтар едіңіз?» - деді кездесуге қатысушылардың бірі министрге.

Министр жалақы, жан басына шаққандағы табыс орташа есептелінетіндігін атап өте келе:  «Бізде миллиондап, 100 мыңдап және одан да төмен жалақы алатындар бар. Статистика оларды орташа есеппен есептейді. Бізге тек қана орташа мөлшерді алумен қатар медианалық та, секторалды да есептеу қажеттігіне келісемін. Яғни, елдегі орташа жалақыны ғана емес, мүмкін сегменті бойынша да бөлу қажет шығар. Біз Ститатистика комитетімен бұл мәселені қарастыратын боламыз. Содан кейін сізге нақты жауап береміз», - деді.