Қазақстанда орыс тілді мектептердің азайғанын айтқан ресейлік консул қызметінен кетті

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанда орыс тілді мектептердің азайғанын айтқан ресейлік консул қызметінен кетті, ол 26 тамыздан бері Қазақстанда жұмыс істемейді. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Алматыдағы РФ Бас консулы Евгений Бобровтың пікірі ресейлік БАҚ-та жарияланған. Ол орыс тілін қолдану мен үйрену деңгейі төмендеп келе жатқанын, орыс тіліндегі мектептер мен сыныптар азайып жатқанын айтқан еді.

Осыған байланысты журналистер Сыртқы істер министрлігінің қандай пікірде екенін сұрады.

«Мүмкін ол кісі толық ақпаратты білмейтін шығар. Алматыда жұмыс істегендіктен, Алматының ақпаратымен шектелген болар. Бірақ айтайын дегенім, ол кісі 26 тамыздан бері Қазақстанда жұмыс істемейді. Қазір ол Бас консул емес», - деді А. Смадияров министрлікте өткен апталық брифингте.

Сонымен бірге, ресми өкіл Қазақстан мектептері туралы Оқу-ағарту министрлігінің деректерін жеткізді.

«Қазақстанда 7 711 мемлекеттік мектептің 3 957-сі қазақ тілінде, 1 203-і орыс тілінде, ал 2 551 мектеп – қазақ және орыс тілдерінде аралас оқытады. Бұл - өте үлкен көрсеткіш», - деді А. Смадияров.

Журналист: Осындай лауазымды тұлғалардың Қазақстанның ішкі мәселесіне қандай да бір баға беріп, пікір білдіруін сіздер қалай бағалайсыздар?

А. Смадияров: Әрине, ол дұрыс емес.

Журналист: Шара қолданасыздар ма?

А. Смадияров: Қазір ол Қазақстанда жоқ, кетіп қалды.

Журналист: Осы оқиғадан кейін кетті ме?

А. Смадияров: Ештеңе айта алмаймын.


Соңғы жаңалықтар