Қазақстанда отбасылардың әл-ауқатын бағалау әдістемесі енгізіледі – Олжас Бектенов
АСТАНА.KAZINFORM – ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов әлеуметтік қолдау көрсету кезінде отбасылардың нақты жағдайын барынша ескеру үшін мемлекеттік органдар мен екінші деңгейлі банктердің цифрлық жүйелерін 1 желтоқсанға дейін біріктіруді тапсырды.
Олжас Бектеновтің айтуынша, әлеуметтік саясаттың басты басымдықтары азаматтардың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыру, адами капиталды дамыту және өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына жағдай жасау болуға тиіс.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік қолдау шараларын пилоттық режимде кезең-кезеңімен іске асыру қажет. Еңбек министрлігі пилоттық жобаны және Отбасының әл-ауқатын бағалау әдістемесін енгізу жөніндегі нормативтік құқықтық актілердің жедел қабылдануын қамтамасыз етсін, – деп тапсырды Премьер-министр.
Сондай-ақ барлық деңгейдегі әкімдерге әлеуметтік саясаттың жаңа тәсілдерін енгізу бойынша халық арасында жүйелі ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастыру міндеттелді.
Бұдан бөлек, Еңбек, Ұлттық экономика және Қаржы министрліктеріне 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап айлық ең төменгі жалақы мөлшерін 110 мың теңгеге дейін арттыруды қамтамасыз ету тапсырылды.
Айта кетейік, Олжас Бектенов өңірлердің инфрақұрылымдық жобаларын жыл соңына дейін анықтауды тапсырды.