Қазақстанда отбасылық туризмді дамыту қажет - Kazakh Tourism

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы отбасылық туризм желісін құруды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

"Жер аумағы бойынша Қазақстан әлемде 9-орынды алады. Республиканың шығысындағы балалар батыста, оңтүстіктегі балалар - солтүстікте не болып жатқанынан бейхабар. (...) Сол себепті, балалар мен жасөспірімдер туризмін, отбасылық туризм, кемпингтер мен караванингтер желісін құру қажет", - деді «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Тимур Дүйсенғалиев «Балалар мен жасөспірімдер туризмін дамытудың жаңа мүмкіндіктері» отырысында.

Ұлттық компания өкілінің айтуынша, осылайша адамдар мобильді болуды үйренеді.

"Біз пойыз бен ұшақтан дербес бола аламыз, сөмкемізді асынып, тау мен тасты кезіп кетуге болады. Қолайсыз ауа райында қауіпсіз жерге тоқтау үшін кемпингтер мен лагерьлерді көбейту керек. Бұл бастама келешігі мол ұлттық жобалардың бірі болар еді", - деп өз сөзін толықтырды ол.

Т. Дүйсенғалиевтің пікірінше, кез келген дамыған елдегі ақша ағынының 80%-ін ішкі туризм береді. Сондай-ақ, ол балалар мен жасөспірімдер туризмінің қайтымы мол туризм екенін, ата-аналардың бала қызығушылығы үшін ештеңені аямайтынын атап өтті.

ҚР Білім және ғылым министрлігі келтірген деректерге сәйкес, мектеп оқушыларының 2,6% ғана - 3 миллион баланың 80 мыңы ғана туристік-өлкетану бағытындағы қосымша үйірмеге барады.

Соңғы жаңалықтар