17:00, 08 Қаңтар 2009 | GMT +5
Қазақстанда өтетін халық санағына 6 млрд. теңге бөлініп отыр
АСТАНА. Қаңтардың 8-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Ағымдағы жылғы ақпанның 25-і мен наурыз айының 6-сы аралығында Қазақстанда өтетін халық санағына 6 млрд. теңге бөлініп отыр. Бұл туралы бүгін Астанадағы баспасөз мәслихатында ҚР Статистика агенттігінің баспасөз хатшысы Динара Жандаева айтты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, бұл қаржы халық санағы жүргізілетін мерзімге және есеп-қисаптар мен деректер түпкілікті нақтыланғанға дейінгі кезеңге бөлініп отыр. Д. Жандаева енгізілетін инновациялардың есебінен жиналатын деректердің сапасын арттыру алдағы халық санағының негізгі басымдығы болып табылатынын атап өтті. «Оны екі негізгі топтамаға бөлуге болады. Біріншісі - техникалық жаңалықтар. Бұған сканерлеуге оңтайландырылған санақ парағын, бланктерді өңдеуге арналған сканерлерді, алынған деректермен алмасуға арналған коммуникациялық желіні, сондай-ақ электрондық карталарды жатқызуға болады», деді ол. «Екіншісі - ұйымдастырылған жаңа енгізілімдер.Санаққа қатысатын 50 мыңнан астам адам оқыту семинарларынан өтеді. Оқыту кезінде арнайы баспа түріндегі материалдар және бейнекурстар қолданылады. Оқытылатындардың дағдыларын нығайту үшін оқыту бағдарламасымен алдын-ала тәжірибелік жұмыстар қарастырылады», деді Д. Жандаева.