Қазақстанда өтетін іс-шараларды мобильдік қосымшаның көмегімен білуге болады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ақтаулық Анели Русланқызының болашақ мамандығы аудармашы, ал ІТ саласы — оның хоббиі. Жас өнертапқыш «Caspian startup -2019» стартаптар байқауының жеңімпазы атанып, мобильді қосымша әзірлеп шықты. Олай болса Анели ойлап тапқан «Chance» мобильдік қосымшаның қолданушылар үшін қандай пайдасы бар. Жас маманның алдағы жоспары туралы ҚазАқпарат тілшісі сұрап білген болатын.
«Менің жасым 19-да. Ақтау қаласындағы физика-математика мектебін бітіріп, қазір Алматы қаласында аудармашы (корей тілі) мамандығын меңгеріп жатырмын. Мен өзім 12 жасымнан хакер болуды армандадым. Соған жақын болдым. 10-сыныпта информатика пәнінің мұғалімі жарыс болатынын айтып, менің қатысқанымды қалады. Мен ойлана келе жарысқа қатысу керек деп ұйғарып, маған мобильді қосымша әзірлеу идеясы келді. Нәтижесінде жарыста жеңіске жеткен жоқпын, бірақ мен ойлап тапқан екі бірдей мобильдік қосымшаны жүзеге асуына қолдау көрсететін демеуші таптым. Солайша демеуші менің ІТ идеяма қолдау көрсетіп «Chance» мобильдік қосымшасы пайда болды», - деді Анели Русланқызы.
Сондай-ақ, жас ІТ маман аталған мобильдік қосымшаның көпшілік үшін қандай пайдасы барын айтты.

«Chance» мобильдік қосымшасында еліміздің бүкіл қалалары бойынша қай жерде, қандай іс-шара өтетіні туралы білуге болады. Атап айтқанда, жарыс, конференция, вебинар, мәдени және спорттық іс-шаралар, ақылы және тегін түрлі сала курстары, семинар, шеберлік сабақтары және тағы басқа. Яғни қай жерде, қандай шара өтеді, оған қалай баруға болады бәрін бір жерден білуге болады. Жалпы өзім оқушы күнімнен түрлі іс-шараларға қатысқанды жақсы көрем және жиі қатысамын. Сол кезде ойлайтынмын әр қалада өтетін іс-шараларды бір жерге жинақтаса ғой деп. Мобильдік қосымша жасауға түрткі болған осы ой. 2019 жылы идея келіп іске кірістім, ал қосымша өткен жылы жұмыс істей бастады», - дейді ол.
Оның айтуынша, бүгінде мобильдік қосымшаны қолдану аясы кеңейіп келеді. Және оны одан әрі ілгерілету мақсатында 6 адам еңбектеніп жатыр. Сондай-ақ, мобильді қосымшаны Android және iOS платформасынан жүктеуге болады.
«Қалаларда өтетін іс-шаралар туралы ұйымдастырушылармен алдын ала хабарласып, ақпаратты мобильдік қосымшаға жүктейміз. Кейде өзім жариялаймын, кейде әріптестерім жүктейді. Бұған дейін жасап шыққан дүниемізді жарнамалаған жоқпыз. Ендігі уақытта жарнамалап, оны қолданушылар санын көбейткіміз келеді. Алда жоспар көп, соның бірі мобильдік қосымшаның функциясын кеңейту. Сондай-ақ, ІТ саласына жақын болсамда, аудармашы мамандығын игеріп жатырмын. ІТ-мен қатар тілді де үйреніп, жан-жақты болғым келеді», - дейді студент.