Қазақстанда өтетін VII қысқы Азия ойындары кезінде Азия ойындары тарихындағы тұңғыш екі ірі шара ұйымдастырылады

әуірдің 22-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - 2011 жылы Қазақстанда өтетін VII қысқы Азия ойындары кезінде спорттық шаралармен қатар Азия ойындарының тарихында алғаш рет екі ірі шара ұйымдастырылады.

Қазақстанда өтетін VII қысқы Азия ойындары кезінде Азия ойындары тарихындағы тұңғыш екі ірі шара ұйымдастырылады

Бұл туралы бүгін «VII қысқы Азия ойындары: дайындық деңгейі және бірлескен қимылдардың басым бағыттары» атты дөңгелек үстел отырысында «VII қысқы Азия ойындары мен олимпиада алауы эстафетасын ұйымдастыру жөніндегі қалалық дирекция» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының директоры Найль Нуров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның сөзіне қарағанда, бірінші шара - «Мәдени Азиада», екіншісі «Олимпиада алауының эстафетасы» деп аталады. «Мәдени Азиада біздің бай ұлттық дәстүрлеріміз бен мәдени мұраларымызды танытатын ерекше мүмкіндік. Біз осы шара арқылы елімізді өзгелерге тұрақты дамып келе жатқан мемлекет ретінде көрсетіп, Қазақстанды әлемдік қауымдастықтың алдында жоғары дәрежеге көтере аламыз. «Мәдени Азиада» 8 жеке жобаларға бөлінген. Олар - «Мүсіндер фестивалі», «Саз бен би фестивалі», «Цирк өнерінің фестивалі», «Көркемөнер көрмесі», «Балалардың суреттері арасындағы байқау», «Қазақтардың салт-дәстүрлерінің фестивалі», «Спорттық тауарлар фестивалі», «Кәдесыйлық бұйымдар фестивалі», деді директор.

Н. Нұровтың айтуынша, «Мәдени Азиада» жобасы елімізге келетін қонақтардың белсенділігін қажет етеді. «Сондықтан бізге тек ұлттық құндылықтарымызды өзгелерге паш етіп қана қоймай, қазақстандықтардың да олимпиадаға қатысатын мемлекеттердің ұлттық дүниелерін тамашалауларына мүмкіндік жасау қажет.

«Екінші жоба, яғни «Олимпиада алауының эстафетасы» да Азия ойындарының тарихында алғаш рет ұймдастырылғалы отыр. Аталмыш шара қаңтардың 12-сі мен 30-ы аралығында өтеді. Олимпиада алауы Азияның олимпиада кеңесінің штаб-пәтері орналасқан Куәйт елінің астанасы Эль-Кувейт қаласында жағылады. Ол қаңтардың 12-сі күні жағылып, чартерлік рейспен Қазақстанға жеткізіліп, 20 күн бойы Қазақстанды аралайды. Ол еліміздің әр аймағында екі-үш күннен болады. Алауды мыңға жуық адам алып жүреді. Ал қаңтардың 30-ы күні эстафета елордаға жеткізіледі. Бұдан соң дәстүр бойынша олимпиаданың басты алауы жағылады», деді Н.Нұров.

Отырыс барысында ол қысқы Азия ойындарының факелімен таныстырды. Факел біздің эрамызға дейінгі I-III ғасырларға жататын және Алматы маңында табылған сақтардың жарықтандырғыш құралының негізінде дайындалған. «Бұл факелдерді жасауға Қытай компаниясына тапсырыс бердік. Олар Бейжің және Ванкувер ойындарында қолданылған факелдерді дайындаған компания», деді кәсіпорын басшысы.