«Қазақстанда отқа жанбайтын үйлер пайда болады» - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 22 сәуір, сәрсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
***
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Маңғыстау облысының Құрық кенті аумағынан отандық верфьте құрастырылған тұңғыш бұрғылау қондырғысы суға жіберілді. Өздігінен көтерілетін «Сәтті» қондырғысы Каспий теңізінің Қазақстанға тиесілі аймағында жұмыс істемек. Аймақтағы кеме жасайтын екі компания арасында 2012 жылы қол қойылған келісімшарт негізінде құрастырылған техника барлаумен әрі бұрғылаумен айналысады және еліміздің теңіз аймағына арналып жасалғанмен, қазақстандық компаниялар болашақта Иран, Түркіменстан шекарасына шығаруға, яғни тапсырыс қабылдауға ниетті. Ені - 72, биіктігі 64 метрлік қондырғының 119 метрлік үшбұрышты тіреулері бар. Теңіздің 5-80 метрлік таяз әрі өте терең тұстарында 6 мың метр тереңдікке дейін бұрғылау жүргізе алатын, құны 270 млн. долларды құрайтын қондырғы америкалық технология бойынша екі верфьте - алғашында «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы аумағында орналасқан бұрынғы «Кеппэл» зауытында жиналып, соңынан Құрық елді мекеніндегі Ерсай верфінде үш жылда құрастырылды. Бұл мақала «Отандық тұңғыш теңіз бұрғылау қондырғысы» деген тақырыппен берілген.
Бас басылымда «Су тасып, сең көшкен» атты мақала жарияланды. Шығыс өңірінде төтенше жағдайдың алдын алу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Еліміздің бірқатар өңірлерінде көктемгі су тасқыны орын алып жатқанда, Ресейдегі Сібір ормандарының отқа орануы - қай кезде де бейқам болмауды, төтенше жағдайдың тас-түйін дайындықты талап ететінін тағы бір еске салды. Көршілес елдің ақпарат құралдарының мәліметінше, орманды шарпыған қызыл жалын іргелес мемлекеттерге де тарауы мүмкін. «Осы орайда, Төтенше жағдайлар комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Руслан Нұрбатшановқа хабарласып, тілсіз жаудың ықтимал қаупі жөнінде сұраған едік. Департамент басшысы әзірге өңір тұрғындары үшін өрт қаупінің алыс екенін, қазіргі кезде барлық күш тасқынға тосқын қоюға жұмылдырылып жатқанын жеткізді»,-деп жазады мақала авторы.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, Қазақстанда өрттi азайтуға болады. Бұл үшін жаңа инновациялық құрылыс материалдары қолданылуы тиіс. Бүгінде әлемде қызыл жалын жоя алмайтын заманауи материалдар ойлап табылған екен. Елімізде олардың біразы елордадағы ЭКСПО - 2017 жаһандық көрмесі құрылысында сыналып көрмек. Осы жерден бүкіл елімізге тәжірибе болып тарайды деген үміт бар.
Әлемдегі дамыған елдер өз елдерінің озық ғылыми-техникалық жаңалықтарын Қазақ елінің бас қаласындағы көрме аясында паш етуге ендігі кірісіп кетіпті. Әрине, әзірге олар республикамызға жаһандық көрме кешенін тұрғызуда керек болатын инновациялық шешімдерін ұсынуда. Оларды бағамдап, қай үздігін білу үшін кеше Астанада «ЭКСПО - 2017 - заманауи құрылысқа бағдар» атты екі күндік халықаралық конференция өз жұмысын бастады. Бұл жайында «Қазақстанда отқа жанбайтын үйлер пайда болады» деген мақаладан оқи аласыздар.
Осы басылымда «Бағдарламадағы басты өзгеріс - шет тіліне қатысты» атты мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Халықаралық бағдарламалар орталығына ат басын бұрып, «Болашақ» бағдарламасымен танысты. Мемхатшы әуелі орталықты аралап көрді, содан кейін бағдарламаны жүзеге асырушы ұжыммен әңгіме-дүкен құрды. Бағдарлама шеңберінде шетелде оқып, елге оралған түлектердің қайда, қалай жұмыс істеп жүргені туралы мониторинг жасаудың маңызына тоқталды.
«Болашақ» халықаралық бағдарламасы бойынша жалпы 7900-ден астам түлегіміз бар. Бүгінгі таңда үш мыңға жуық студент білім алып жатыр. Қазіргі таңдағы басты мәселелердің бірі - осы бағдарламаның орындалу барысына, елге оралған түлектердің қалай жұмыс істеп жатқанына мониторинг жасау. Екінші, 2016 - 2020 жылдар аралығында осы бағдарламаны толықтырып, жаңа сапалы деңгейге көтеруіміз керек. Себебі қазіргі заман талабы жоғары. Елімізде «Қазақстан-2050» стратегиясы, «Нұрлы жол» бағдарламасы қабылданды. Сондықтан осы бағытта жұмыс істеп, жаңа ұсыныстар енгізуіміз қажет», деді Мемлекеттік хатшы.
Халықаралық бағдарламалар орталығының директоры Ғани Нығыметов Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова, Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов және ұжым қызметкерлері алдында «Болашақ» бағдарламасының іске асырылу барысымен таныстырып, 2016 - 2020 жылдарға арналған стипендияны дамыту жоспарын әзірлеу жөнінде баяндама жасады. Оның айтуынша, бүгінге дейін «Болашақ» бағдарламасы аясында білім алған 8 мыңға жуық студенттің 3 мыңы инженер-технолог, 600-ге жуығы дәрігер, 1500-ден астамы мұғалім болып елге оралған. Сондай-ақ бағдарлама аясында 81 PhD докторы даярланған.
***
«Экспресс-К» газетінде «Евро зарубился с рублем» деген мақала жарияланды. ranking.kz порталы сарапшыларының есептеулеріне қарағанда, биылғы жылдың алғашқы екі айында ақша айырбастау орындары еуроны аздау сатқан екен. Сатылым жағынан ресейлік рубльдің өзі еуродан асып түскен. Белгілі болғандай, алты ай бойы еуропалық валютаның рубльге қарағанда сұранысы төмендеу болып келеді.