Қазақстанда өткен ауыл әкімдерінің сайлауына халықаралық байқаушылар қызығушылық танытқан жоқ - ОСК
АСТАНА. 10 тамыз. ҚазАқпарат - Республикамызда өткен ауыл әкімдерінің сайлауына халықаралық байқаушылар қатысқан жоқ. Себебі олар тарапынан еш қызығушылық болған жоқ. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде ауыл әкімдерінің сайлауына қатысты өткен брифингте ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Марат Сәрсембаев мәлім етті.
«Жалпы халықаралық байқаушылардың жергілікті сайлауларға қызығушылығы бұрыннан келе жатқан тәжірибеден солай қалыптасқан. Мәселен, өткен сайлау науқанында, Парламент пен жергілікті мәслихат сайлаулар бір мезгілде өткенде де халықаралық ұйымдардың байқаушылары парламенттік сайлауға назар аударып, жергілікті сайлауға еш көңіл бөлмеген еді. Сонымен қатар, тамыздың 5-9 аралығында өткен ауыл әкімдерінің сайлауына да ешқандай байқаушылар келген жоқ. Егер олар (халықаралық сарапшылар-авт.) тарапынан қызығушылық танытылған жағдайда еш кедергі болмас еді, жағдайдың барлығы қамтамасыз етілетін еді», - деді М. Сәрсембаев.
Сонымен бірге, ОСК мүшесі жергілікті байқаушылар тарапынан сайлау барысы қадағаланғанын айта келе, олардың 1004-і кандидаттарға сенім білдірген адамдары, 242-сі саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйым өкілдері, ал 559 адам БАҚ өкілдерінен тұрғанын атап өтті.
«Жалпылама алғанда 2 мыңға тарта азамат ауыл әкімдерінің сайлауына байқаушы ретінде қатысты. Олар тарапынан сайлау нормаларының бұзылғандығы туралы ешқандай да арыз бізге келіп түскен жоқ», - дейді М. Сәрсембаев.