Қазақстанда «өзбек үлгісі» негізінде шаруашылық пен ағаш өсіру дамытылмақ – шетелдегі қазақ баспасөзі
АСТАНА. ҚазАқпарат – «ҚазАқпарат» ХАА шет елдерде қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.
Қазақстанда «өзбек үлгісі» негізінде піллә шаруашылығы мен тұт ағашын өсіру дамытылмақ - «ӨзА»
Қазақстан Республикасындағы «Қазақжібекөндіріс» бірлестігінің басшысы Сұлтан Бәкіров бастаған Түркістан облысының аудан әкімдері мен бір топ кәсіпкерден құралған делегация Әндіжан облысы «Жібек көшет» кластерінде болды, деп хабарлайды «ӨзА» ақпарат агенттігі.
Өзбекстандық БАҚ-тың мәліметінше, қонақтар мұнда тұт ағашы мен жібек шаруашылығының «өзбек үлгісін» Қазақстанда тәжірибеде қолдану, ынтымақтаса тұт плантацияларын құру, жібек өсіру дәстүрін қалпына келтіру мақсатында келген.
«Сапар барысында «Өзбекипаксаноат» бірлестігімен алдағы уақыттағы ынтымақтастық мәселелерін, жібек құртын өсірудің заманауи әдістерін енгізуге сарапшылар тобын тарту қарастырылған», деп жазады «ӨзА».

Қазақстан нарығында Қытай автомобильдерінің саны артып келеді – «Халық» газеті
Қытайлық автомобильдер Қазақстан нарығында көбейіп келеді.
«Халық» газеті бұл ақпаратты «Inbusiness.kz»-ке сілтеме жасап хабарлаған. Қытайлық БАҚ-тың дерегінше, статистика мұны растап отыр. Себебі биылдың алғашқы бес айында Қазақстан Қытайдан 16 333 автомобиль импорттады. Бұл 2022 жылмен (12 500) салыстырғанда әлдеқайда көп.
«Осыдан Қытай қазір қазақстандық автомобиль нарығының негізгі жеткізуші еліне айналғанын байқауға болады», деп жазған «Халық» газеті.

Әйгілі актер Кристиан Бэйл батыс Моңғолияға саяхаттады – «Kaznews»
Әйгілі актер Кристиан Бэйл шілде айында батыс Моңғолияда саяхаттап, көшпенділердің салт-дәстүрімен танысып қайтты, деп жазады моңғолиялық «Kaznews».
Моңғолиялық басылымның дерегінше, Кристиан Чарльз Филип Бэйл (Christian Charles Philip Bale, 1974 жылы Ұлыбритания туған) – ағылшын актері. Алғашқы кинокарьерасын тәуелсіз шағын жобалардан бастаған.
Бейл 13 жасында Стивен Спилбергтің «Күн империясы» фильмінде ойнаған рөлінде алғаш рет көрермен көзіне түскен. 2000 жылы «Америкалық есалаң» картинасында қанішер Патрик Бэтменді сомдағанда кино сыншылар назарына ілікті.

Айта кетейік, Кристиан Бейл Кристофер Нолан режиссерлік еткен «Бэтмен: Бастама», «Қара сері» және «Қара сері: Жандану» трилогиясында Брюс Уэйн/Бэтменді ойнағаннан кейін көпшілікке таныла бастаған. Бейл сыншылардан жақсы баға алып және бірнеше марапаттарға ие болды, соның ішінде бірінші рет «Екінші пландағы үздік ер адам рөлі» номинациясы бойынша Оскар және Алтын глобус сыйлықтарының иегері атанды. Сондай-ақ «Екінші пландағы үздік ер адам рөлі» үшін АҚШ Гильдия киноактерлер сыйлығымен марапатталған.
2013 жылы «Америкалық сергелдең» драмалық комедиясында ойнады, сол үшін Бейл екінші рет Оскар номинациясына ілікті.

Сондай-ақ осы аптада «Kaznews» «Шілде айында Моңғолияға 76,559 турист келген» деген ақпарат жариялады.
Биыл Моңғолия 1 млн турист қабылдауды жоспарлаған. 2023 жылдың жеті айында Моңғолияға демалуға 325,174 турист келген.
Моңғолиялық БАҚ-тың дерегінше, Қазақстан, Ресей, Оңтүстік Корея, Қытай және Жапония азаматтары қаңтар айынан бастап Моңғолияға келген ТОП -5 мемлекет туристері қатарына енген.

Анкара қаласында қазақ шеберлерінің көрмесі ашылды – «TRT»
Түркияның астанасы Анкара қаласында қазақ көрмесі ашылды. Аталған көрмеде Астана, Алматы және Талдықорған қалаларынан қатысқан қолөнер шеберлері өз бұйымдарын таныстырды.
Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады.
Түркиялық БАҚ-тың мәліметінше, көрмені Қазақстан елшілігі, Халықаралық Түріксой ұйымы, «Көк Ту» Қазақ мәдениеті қоғамы мен Дүниежүзі қазақтарының даму қоры бірігіп өткізген.

Айта кету керек, «Қазақ қолөнершілерінің көрмесі» Түркия Республикасының 100 жылдығына және Түріксой-дың 30 жылдығына, қазақтың белгілі зиялысы Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығына, сонымен бірге Түркия мен Қазақстан мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықтың 31 жылдығына орай ұйымдастырылған болатын.

Сонымен қатар осы аптада Түркия Радио Телевизия порталында «Анкарада қазақ мультфильмі» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.
Аталған басылымның дерегінше, бұл мәдени шара Түркия Республикасының құрылғанына және қазақ анимациялық кино өнерінің негізін қалаушы режиссер, суретші, сценарист Әмен Қайдардың туғанына 100 жыл толуына орай Анкарада өткізілген.
Іс-шараны «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі, Қазақстан елшілігі мен Түркі тарихы және мәдениеті қоры бірлесе ұйымдастырған.

Бұл жолы Әмен Қайдардың «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» және шәкірттерінің 4 туындысы кішкентай көрерменге ұсынылды.
«Шараға Түркияның бас қаласында тұратын қазақ ағайындар балаларымен бірге келді. Жас көрермендер мен олардың ата-аналары қазақ мултьфильмдеріне қызығушылық танытты», деп түйіндейді түркиялық басылым.

«Корей толқыны» Моңғолияға ағылуда – «Kaznews»
Корей поп-музыкасы, телесериалдары мен фильмдері бейнеленген «корей толқыны» мәдениеті соңғы 20 жылда Моңғолиядағы көптеген жас жанкүйердің белсенді қолдауына ие болды, деп жазады «Kaznews».
Аталған басылымның мәліметінше, Моңғол телеарналарында төл бағдарламалар аз, ал қалған уақыттың басым бөлігінде сатып алынған корей телехикаялары мен фильмдер көрсетіледі. Осыдан Корея жұлдыздарының Моңғолияда танымалдылығы артқан.
«Бүгінгі таңда жанкүйерлердің адал қолдауына ие болған кореялық жұлдыздар Моңғолияға жиі саяхаттап келуде. Бұл Моңғолия үшін тегін жарнама болмақ. Өйткені кореялық жұлдыздардың әлеуметтік желіде миллиондаған жазылушылары бар», дейді моңғолиялық БАҚ.

Астана қаласында Әлішер Науаи мүсіні орнатылды - «ӨзА»
Өзбекстан өнер академиясының хабарлауынша, 2022 жылғы 29 шілдеде Ташкентте Өзбекстан мен Қазақстанның сыртқы істер министрлері «Өзбекстан Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толуын кеңінен атап өту жөніндегі бірлескен іс-шаралар жоспарын» әзірлеп, бекіткен.
Осы бірлескен жоспар бойынша Қазақстан Республикасының бас қаласы Астана қаласында сөз зергері Әлішер Науаидің мүсінін орнату көзделген болатын, деп жазады «ӨзА».
Өзбекстандық басылымның келтірген мәліметіне сүйенсек, 2022 жылдың 20 желтоқсанында бұл тапсырмаға байланысты Өзбекстан Республикасы Министрлер кабинетінің тиісті қаулысы қабылданып, Өзбекстан Көркемсурет академиясына қола мүсінді жасап, межелі жерге жеткізу міндеті жүктелген.

Күні кеше Астана қаласында ұлы ойшыл Әлішер Науаидің мүсіні орнатылды.
Айта кету керек, биіктігі төрт метрден асатын бұл ескерткіштің Өзбекстанның халық суретшісі, мүсінші Жасвант Анназаров жасаған.
«ӨзА»-ның дерегінше, Әлішер Науаи мүсіні бұған дейін Токио, Шанхай, Вашингтон, Мәскеу, Минск, Баку, Мазари-Шариф, Ош, Душанбе, Сеул қалаларында орнатылған.