Қазақстанда өзге көлік түрлеріне қарағанда пойыз билеттерінің бағасы аз көтеріледі - ҚТЖ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда пойыз билеттерінің бағасы өзге көлік түрлеріне қарағанда аз көтеріледі. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА-ның ресми сауалына «Қазақстан темір жолы» компаниясының баспасөз қызметінен хабарланды.
«Теміржол көлігімен жүру бағасын мемлекеттік өкілетті орган реттейді және олардың мақұлдауынсыз теміржол әкімшілігі тасымал құнын өзгертуге құқығы жоқ. Жалпы теміржол билеттерінің бағасы өзге көлік түрлерімен салыстырғанда аз көтеріледі. Осы орайда теміржол елімізде ең әлеуметтік бағдарланған көлік болып табылады»,-деп хабарлады ұлттық компаниядан.
ҚТЖ өкілдері биылғы 1 тамыздан бастап тікелей халықаралық байланыстағы Қазақстан және Ресей аумағы бойынша жүретін пойыздарға, сондай-ақ «Жолаушылар тасымалы» АҚ жүрдек пойыздарымен жүруге жеңілдіктер қарастырылғанын еске салып өтті.
Жеңілдікпен сатылатын билеттерді www.epay.railways.kz интернет сайты мен терминалдар арқылы және жол жүру құжаттарын сататын кассалардан алуға болады.