Қазақстанда өзге ұлттардың өз ана тілдерін оқуына толық жағдай жасалған - Тіл комитеті

АСТАНА. 21 ақпан. ҚазАқпарат - Қазақстанда өзге ұлттардың өз ана тілдерін оқуына толық жағдай жасалған.

Қазақстанда өзге ұлттардың өз ана тілдерін оқуына толық жағдай жасалған - Тіл комитеті

Бұл туралы бүгін Халықаралық ана тілі күніне орай өткізілген дөңгелек үстел отырысы барысында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің төрағасы Шерубай Құрманбайұлы мәлім етті.

«Бүгін - Халықаралық ана тілі күні. Бұл күн 1999 жылғы қарашада ЮНЕСКО-ның Бас конференциясы 30-сессиясының шешімімен бекітілген және 2000 жылғы 21 ақпаннан бастап тілдік және мәдени әралуандықты қорғау мақсатында атап өтіледі», - деді ол.

Оның айтуынша, Қазақстан ішкі және сыртқы қарым-қатынастағы сарабдал саясатының арқасында ешбір ұлыс өкілін сыртқа қақпай, оның өз тілін үйреніп, салт-дәстүрін сақтауына үлкен қолдау көрсетіп отыр.

Мәселен, өзге ұлыс өкілдері қазір 11 тілде газет-журналдарды, 8 тілде радиохабарлары мен 7 тілде телехабарларды таратып отыр. Қазақ, орыс ұлттарын  есептемегенде  өзбек, тәжік, ұйғыр, украин тілінде 88 мектеп жұмыс жасайды. 108 мектепте 22 этностың тілі дербес пән ретінде оқытылады. Ал  мамандандырылған лингвистикалық 195 орталықта 30 этностың 7 мыңнан астам өкіліне ана тілін үйренуіне жағдай жасалған. Сондай-ақ өзбек, ұйғыр, кәріс, неміс театрлары жұмыс жасайды. Оның ішінде ұйғыр, кәріс, неміс театрлары бұрынғы кеңестік кеңістіктегі өзге ешбір елде жоқ бірден-бір мәдениет ошақтары саналады.