Қазақстанда өзімді орыс жерінде жүргендей болып сезіндім - шетелдегі қандасымыздың Елбасыға жолдаған хатынан

АСТАНА. Қазанның 30-ы. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Қазақстанды аралап шыққаннан кейін өзімді орыс жерінде жүргендей болып сезіндім. Қазақстанның тәуелсіздік алғанына 20 жыл толса да, жергілікті ұлт өкілдері әлі күнге дейін өз тілінде сөйлей алмауда. Осыған түсініктеме беріп өтсеңіз?
None
None

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей желі арқылы қазақстандықтардың сауалдарына жауап беруіне байланысты Бейбітшілік және келісім сарайында ашылған Байланыс орталығына Моңғолиядағы қандасымыз Досжан Қабылұлынан осындай сауал түсті,  деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«...Өткен қыркүйек айында мен халқымыздың атамекені - Қазақстанға іссапармен барып қайтқан едім. Семей, Көкшетау, Алматы, Қарағанды, Талдықорған сияқты қалаларда болып, кездескен адамдардан бірдеңе сұраған кезде, барлығы орысша жауап береді. Қазақ  бола тұра, орысша сөйлеп тұр. Шынымды айтсам, мен өзімді орыс жерінде жүргендей болып сезіндім. «Тіл түзелмей, ел түзелмейді» демекші, Қазақстанның тәуелсіздік алғанына 20 жыл толса да, жергілікті ұлт өкілдері әлі күнге дейін өз тілінде сөйлей алмауда. Әрине, осының бәрі мемлекеттік саясатқа да тікелей байланысты болуы керек.  Осыған түсініктеме беріп өтсеңіз?» делінген Д.Қабылұлының хатында.

Айта кетейік, қарашаның 13-і күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан», «Хабар», «Астана қалалық теледидары» телеарналары және «Қазақ радиосы», «Астана қалалық радиосы» радиолары бойынша өтетін тікелей эфирде азаматтардың телеэфир, телефон, интернет және СМС хабарламалары арқылы түскен сұрақтарына жауап беретін болады. Осы уақытқа дейін Президенттің атына 31 сұрақ келіп түсті.

Соңғы жаңалықтар