Қазақстанда пара алу бойынша қай өңірлер «көш бастап» тұр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде пара алу фактілері жиілеп кетті: бұл көрсеткіш бір жылда 11%-ға артқан. Мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы сыбайлас жемқорлық және басқа да қылмыстық құқық бұзушылықтардың үштен екісі парақорлыққа тиесілі, деп хабарлайды ҚазАқпарат Finprom.kz порталына сілтеме жасап.

Қазақстанда пара алу бойынша қай өңірлер «көш бастап» тұр

2020 жылдың қаңтар-тамыз айларында елімізде мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы 1,6 мың сыбайлас жемқорлық және өзге де қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 12,6%-ға төмен.

Олардың үштен екісін пара алу оқиғалары құрап тұр. Жыл басталғалы елде 993 пара алу оқиғасы тіркелді – 2019 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11,4%-ға көп.

Оның ішінде 555-і – пара алу, 404-і – пара беру, 34 жағдай – делдалдық оқиғасы.

Аймақтар бойынша пара алу оқиғаларымен Батыс Қазақстан облысы «көшбасшы» болып тұр – 97 жағдай, жылдық өсім бірден екі есеге артты.

Екінші және үшінші орындарда Алматы (87 жағдай, 47,5%) және Шығыс Қазақстан (76 жағдай, минус 3,8%) облыстары тұр.