Қазақстанда Парламент пен Үкімет арасындағы өзара іс-қимыл артуы мүмкін - Әзербайжан сарапшысы
Мемлекет басшысы ұсынған жаңа бағыттарға қатысты пікір білдірген сарапшы-экономист, Әзербайжан республикалық зерттеу орталығының тең құрылтайшысы Натиг Джафарли осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның айтуынша, жақында өткен кезектен тыс Парламент сайлауы мемлекет пен қоғамның барлық салаларын жан-жақты әрі кешенді дамытуға мүмкіндік беретін Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформаларына деген сенімді нығайта түсті.
«Заң шығарушы орган құрамын жаңарту қолданыстағы саяси жүйені түбегейлі жаңғырту және ел дамуының жаңа тұжырымдамасын бекіту үшін маңызды қадам болды. Сайлау нәтижесі Қазақстанда көппартиялы жүйенің пайда болғанын көрсетті. Бұл өз кезегінде көп жылдан бері «саяси тұралауда» болған ел үшін жетістік», - деп пікір білдірді сарапшы.
Натиг Джафарлидің пайымынша, Қазақстан Президентінің Парламент алдында сөйлеген сөзіндегі негізгі ой – реформаларды жалғастыра отырып, саяси жүйені одан әрі жетілдіру. Осы ретте сарапшы алға қойылған жоспарды орындау мақсатында Парламент пен Үкімет арасындағы өзара іс-қимылдың артуы мүмкін екенін атап өтті.
«Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзіндегі маңызды тезистердің бірі - министрлер кабинетінің қызметі үшін жауапкершілікті заң шығарушы органдағы сайлау нәтижесінде ең көп қолдауға ие болған «Amanat» партиясына жүктеу. Сонымен қатар, министрлер кабинетінің қателіктері мен олқылықтары үшін сайлауда басым дауыс жинаған партияның жұмысымен байланысты болады. Бұл оның одан кейін болуы мүмкін сайлауға қатысу перспективасына да әсер етеді», - деп тоқталды ол.
Сарапшының пікірінше, Мәжілістің жаңа құрамы бәсекеге қабілетті және бюджет процестерінің ашықтығын қадағалауда Үкімет пен әкімдіктерге жоғары талап қоя алады. Бұл өз кезегінде Үкіметтің тиімділігін арттыруға, халықтың өмір сүру жағдайын жақсартуға және әл-ауқаттың жоғарылауына жол бастайды.
«Қазақстан Президентінің партиялар енді саяси процестер жолымен жүреді деген тезисі елдің саяси болашағы үшін маңызды қадам саналады. Мәжілістің соңғы құрамы халықтың барлық идеологиялық көзқарасын қамтып, ауқымды саяси реформалардың негізінде қалыптасты. Соның нәтижесінде ЖСДП оппозициялық партиясының Парламентке өтуіне мүміндік туды», - деді Натиг Джафарли.
Ол атап өткендей, Қазақстан Үкіметі жаңа сайланған Мәжіліс алдында өкілеттігін тоқтатқаннан кейін, парламенттік көпшілік фракциясы – «Amanat» партиясы министрлер кабинетін жасақтауға кірісті.
«Үкімет құрамының аз көлемде жаңаруы бұл Мемлекет басшысының бұрынғы министрлер кабинетінің мүшелеріне деген сенімін білдіреді. Алайда, Президент сын-қатерлерді ескере отырып, ел алдында тұрған ауқымды әлеуметтік-экономикалық реформаларды жалғастыру үшін нақты тапсырма жүткеп, қатаң талаптар қойды.
Жалпы, Президент Тоқаевтың бастамалары билік тармақтарын сапалы бөліп, оны әр тараптан тиімді бақылауға бағытталған. Бұл Қазақстандағы іскерлік белсенділікті арттырып, жаңа инвестициялар тарту үшін өте маңызды», - деп түйіндеді Натиг Джафарли.
Оның пайымына сай, Қазақстанның қарқынды экономикалық дамуы үшін ресурстар мен мүмкіндігі де бар.
Соңғы 50-60 жылда мұндай үздіксіз ілгерілеу жолынан Оңтүстік Корея, Сингапур және Чили сияқты елдер өтті. Сарапшы Қазақстанның да осы елдердің қатарына қосылуы мүмкін екеніне сенім білдірді.