Қазақстанда пәтерін заңсыз жалға беретіндер қалай анықталады
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінде пәтерін заңсыз жалға беретіндер қалай анықталатынын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Көбінесе пәтерлерді тапсырған кезде көршілерден келіп түсетін шағымдар негізінде заңсыз жалға беретіндер анықталады. Яғни, арыз түскен үйді тексеріп, пәтердің заңды немесе заңсыз беріліп жатқанын білеміз. Одан кейін БАҚ немесе жарнама арқылы анықтау жолы бар», - дейді Астанада өткен баспасөз мәслихатында ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Камералдық мониторинг басқармасы басшысының орынбасарының міндетін атқарушы Ербол Әмірханов.
Белгілі болғандай, жыл басынан бері 700-ге тарта адам пәтерін салық есебінсіз жалға бергені үшін әкімшілік жауапқа тартылған. Сондай-ақ аталған аралықта Алматы қаласында заңды түрде беріліп жатқан 1127, ал Астана қаласында 1249 пәтер анықталып отыр.
«Ойлап қарасаңыз, салықтың мөлшері бізде 10 пайыздан 1 пайызға дейін төмендеп отыр. Яғни, жылжымайтын мүлкі бар, мәселен пәтері бар адамға мемлекеттік қадағалаудан тығылып жұмыс істеудің ешқандай пайдасы жоқ. Мысалы, 100 мың теңгеге пәтерді жалға берген адам 1 пайызын, яғни мың теңгесін ғана салық ретінде төлейді», - дейді Ербол Әмірханов.
Анықталғанындай, пәтерлерін жалға заңды түрде беріп жатқандардың салығы бойынша өткен жылы бюджетке 207 миллион теңге түскен. Ал осы жылдың 6 айының ішінде осындай салықтан 110 миллион теңге мемлекет қазынасына келген. Болжам бойынша жыл соңына дейін жалға берілген жылжымайтын мүліктердің салықтарынан 230 миллион теңге түсетін болады.
Еске сала кетсек, бұған дейін ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері Қазақстанда жалға берілетін пәтерлердің 40-50 пайызынан салық түсімі түспей, ол пәтерлер «көлеңкеде» қалатынын мәлім еткен еді.