Қазақстанда «патриоттық» жеңсіз жейделер сәнге айналуда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық жастардың арасында патриоттық дәйексөздер, қазақтың ұлттық батырлары, ғалымдары мен жазушылары, белгілі қайраткерлері бейнеленген жеңсіз жейделер (футболка) сәнге айналып барады.

Қазақстанда «патриоттық» жеңсіз жейделер сәнге айналуда

«NewTimes.kz» хабарлауынша, мұны отбасылық кәсіпке Алматы қаласының тұрғыны Дулат Үсенбаев айналдырған. Ол жобаның авторы әрі дизайнері, ал оның әпкесі Баян Усенбаева -менеджері. Жоба небәрі бір ай бұрын дүниеге келсе де, оның өнімдерін қазақстандық жастар құлшына сатып алуда. «Тапсырыстар еліміздің барлық өңірлерінен дерлік келіп түсіп жатыр, оған біз қуаныштымыз. Тұтынушыларымыздың басым бөлігі - жастар. Сондықтан, жастардың патриоттық сезімдері артып келеді деуге де болатын шығар», - дейді Б.Үсенбаева. Жейделерге типографияда Дулат Үсенбаевтың эскизі бойынша қажетті суреттер жапсырылады. Мұндай бір футболканың құны 5,5 мың теңге көлемінде.