Қазақстанда педагогтарды даярлайтын ЖОО-лардың саны қысқартылады - вице-министр
ТАНА. 23 тамыз. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/ - Қазақстанда білім беру саласына мамандарды даярлайтын жоғары оқу орындарының саны қысқартылатын болады. Бұл туралы бүгін Астана қаласы педагогтарының дәстүрлі тамыз кеңесіне қатысқан ҚР Білім және ғылым вице-министрі Серік Ырсалиев мәлім етті.
«Білім беру сапасын арттыру үшін педагогтарды даярлайтын жоғары оқу орындарының саны қысқартылатын болады. Бүгін бізде 85 ЖОО-да лицензия бар. Олардың барлығында қажетті материалдық база және жоғары білікті педагогикалық кадрларды даярлайтын оқытушылар бар деп айта алмаймыз. Биыл мемлекеттік тапсырыс тек 43 институтқа ғана орналастырылды және бұл үрдіс жалғасатын болады», - деп атап өтті ол.
Сондай-ақ мәлім болғандай, Білім және ғылым министрлігі педагогикалық мамандықтарда оқитын студенттерге шәкіртақыны екі есеге көбейтуді жоспарлап отыр. Ал педагогикалық мамандықтарға гранттардың саны 35-50 пайызға арттырылатын болады.
Онымен бірге, Ырсалиев атап көрсеткендей, болашақ ұстаздардың практикаларын күшейтіп, педагогикалық университетті немесе институтты аяқтағаннан кейін бір жылдық интернатураны енгізу қарастырылуда. Жаңа бағдарламалар бойынша 120 мыңнан астам педагог қайта оқытылып, оларға сертификаттар беріледі. Бұл ел педагогтарының жалпы санының 43 пайызын құрайды. Биыл алғаш рет республикалық бюджеттен біліктілікті арттыру институттарының материалдық базасын жақсартуға 500 млн. теңге бөлінді. Ал 17 біліктілікті арттыру институты интерактивті құралдармен жабдықталатын болады.