Қазақстанда педофилия оқиғалары екі есеге артып отыр - Бас прокуратура

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда педофилия оқиғалары жыл санап артып келеді. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Бас прокурорының орынбасары Андрей Кравченко мәлім етті.

Қазақстанда педофилия оқиғалары екі есеге артып отыр - Бас прокуратура

«Жыныстық қылмыстар оның ішінде кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты қылмыстар саны артуда. Мәселен, 2010 жылы егер олардың саны 1885 көлемінде тіркелсе, 2014 жылы екі есеге өсті және 3623 қылмыс жасалған. Биыл алты айдың ішінде бұл қылмыстар 20 пайызға көбейген. Ең қатты алаңдатып отырғаны, кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты жыныстық зорлау қылмыстарының артуы. 2010 жылдан бері мұндай қылмыстар екі есеге өсіп, 491-ден 2014 жылы 943-ке дейін ұлғайған. Биылдың өзінде балаларға қатысты зорлық бойынша 726 факті тіркелді. Былтыр осы мерзімде 485 қылмыс тіркелген болатын», - деп атап өтті А.Кравченко.

Оның айтуынша, әсіресе қоғам арасында балаларды қатыгездікпен зорлау және өмірлеріне балта шабу оқиғалары үлкен алаңдаушылық туғызуда.

«Жамбыл және Маңғыстау облыстарындағы оқиғаларды білесіздер. 13 мамыр күні Маңғыстау облысында үйінің маңында 8 жасар қыздың мүрдесі табылған болатын. Баланың денесінде түрлі жарақаттар болды. Зорлаған және оны кейін буындырып өлтірген», - деді Бас прокурорының орынбасары.