Қазақстанда пойызда билетсіз жүретіндер аз болмай отыр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл 2635 бірлік жылжымалы теміржол құрамын пайдалануға тыйым салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Көлік комитеті мен оның аумақтық органдары Қазақстан заңнамасының талаптарына сәйкес, теміржол көлігінде қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тиісті жұмыстар жүргізуде.
«2016 жылы 9 айда теміржол көлігінде өз қызметін жүзеге асыратын 159 кәсіпорынға тексеру жүргізілді. Тексеріс барысында теміржол көлігі қызметін реттейтін 2701 нормативтік-құқықтық актілер талабын бұзу дерегі анықталды. Оның нәтижесінде анықталған бұзушылықтарды жою туралы 108 нұсқау берілді. Қозғалыс қауіпсіздігіне қатер төндіргендіктен 169 бірлік теміржол желісін, 2635 бірлік жылжымалы теміржол құрамын пайдалануға тыйым салынды. Сондай-ақ, 160 жолаушы пойызы тексеріліп, 417 жолаушының жол жүру құжатынсыз (билетсіз) жүргені және 0,646 тонна рәсімделмеген жүкті алып жүруі анықталды. 2016 жылдың басынан 660 әкімшілік іс рәсімделіп, 27 724 566 теңге сомасына айыппұл салынды»,-деп атап өтілген ҚР ИДМ баспасөз қызметінің мәліметінде.
Бұдан бөлек, 2016 жылы 9 айда қозғалыс қауіпсіздігін бұзуға қатысты 688 оқиға тіркелді (2015 жылы 622), оның ішінде: пойыздардың аударылуына қатысты 5 жағдай, 1 апатты жағдай, жұмыстағы қиындықтар бойынша 219 дерек анықталды.