Қазақстанда проблемалық ипотека бойынша көмекке жүгіну мерзімі ұзартылды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда ипотекалық несиесін өтеуде қиындыққа тап болған азаматтардың қосымша көмек алу үшін өтініш беру мерзімі ұзартылды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2026 жылғы 28 қыркүйекте тиісті қаулы қабылдады.
Құжатқа сәйкес, қарыз алушылар 2027 жылғы 1 шілдеге дейін банктерге, Қазақстан тұрғын үй компаниясына және бағдарламаға қатысатын өзге де ұйымдарға жүгіне алады.
Осы мерзімге дейін қосымша көмек алу, қолданыстағы несие шарттарын жақсарту, тұрғын үйді қаржыландыру және жалға беру мәселелері бойынша өтініш тапсыруға болады.
Белгіленген мерзімде өтініш берген азаматтарға 2027 жылғы 1 қыркүйекті қоса алғанда көмек көрсетілуі мүмкін. Бұл мерзім комиссия қосымша көмек көрсету туралы ұсыным немесе шешім қабылдаған несиелерге де қатысты.
Тағы қандай мерзімдер белгіленді?
Бағдарламаға қатысатын банктер мен өзге де ұйымдар 2027 жылғы 15 шілдеге дейін көмек сұрап жүгінген, бірақ өтініштері бойынша тиісті рәсімдер әлі аяқталмаған қарыз алушылар мен жалға алушылардың тізімін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне ұсынуы тиіс.
Ал 2027 жылғы 1 қарашаға дейін Қазақстанның орнықтылық қорына өтемақы сомаларын салыстырып тексерудің қорытынды актілері тапсырылуы қажет.
Кімдер ипотекалық несиесін қайта қаржыландыра алады?
Қаулыда 2021 жылғы 1 қаңтар мен 2024 жылғы 31 желтоқсан аралығында берілген кейбір ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру мүмкіндігі де қарастырылған.
Бұл мақсатқа бұрын қайта қаржыландырылған несиелерді өтеу нәтижесінде босаған қаражат пайдаланылуы мүмкін.
Алайда бұл мүмкіндік барлық қарыз алушыға бірдей берілмейді. Ол үшін азамат пен оның несиесі 2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша мынадай талаптарға сай болуы тиіс:
• Қарыз алушы бағдарламада көрсетілген әлеуметтік осал топтардың біріне жатуы немесе онда белгіленген аурулардың бірімен ауыруы керек; • Ипотекаға алынған баспана қарыз алушы мен оның жұбайының Қазақстандағы жалғыз тұрғын үйі болуы тиіс; • Несие бойынша төлем мерзімін өткізіп алғанына 180 күнтізбелік күннен асуы қажет; • Негізгі қарыздың қалдығы 50 млн теңгеден аспауы керек; • Қарыз алушының табысы несиені қолданыстағы шарттар бойынша өтеуге жеткіліксіз болуы тиіс.
Осы талаптардың барлығы орындалған жағдайда комиссия ипотекалық несиені қайта қаржыландыруға ұсыным бере алады. Қайта қаржыландыру мүмкіндігін комиссия қарайды.
Алайда бұл талаптар заңды тұлғаларға берілген несиелерге, мемлекеттік ипотекалық бағдарламалар аясында рәсімделген қарыздарға және алаяқтық фактісі заңды күшіне енген сот актісімен расталған несиелерге қолданылмайды.
Қаулы 2026 жылғы 28 қыркүйекте күшіне енді.
Бұған дейін қаржылық қиындыққа тап болған азаматтардың несие шарттарын қайта қарау үшін банкке жүгіне алатыны хабарланған еді.