Қазақстанда продуктивті логика тұжырымдамасы дамып келеді

АСТАНА. KAZINFORM – Қоғамның интеллектуалдық әлеуетін арттыру, ғылыми таным мен логикалық ойлау мәдениетін қалыптастыру ел болашағының маңызды бағыттарының бірі. Осы жолда отандық философия ғылымына елеулі үлес қосып келе жатқан ғалымдардың бірі – философия ғылымдарының кандидаты, доцент Асқар Лесхан Әмірханұлы. Бұл туралы философия ғылымдарының докторы, ғалым Берік Аташ айтты.

а
Фото: Kazinform

Оның айтуынша, Лесхан Асқар әлемдік философия тарихын терең меңгерген, классикалық және академиялық философия өкілдерінің еңбектерін түпнұсқадан оқып, ғылыми тұрғыда талдай білетін зерттеуші. Ол логика саласының білікті маманы ретінде ғана емес, бірнеше тілді меңгерген полиглот, өзіндік ғылыми ұстанымы қалыптасқан ойшыл ретінде де танылған.
Асқар Лесхан Әмірханұлы 1956 жылғы 15 қарашада қазіргі Түркістан облысында дүниеге келген. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің философия-экономика факультетінде білім алып, оқу орнын үздік дипломмен тәмамдаған. Ғылымға деген құштарлығы оны Мәскеу мемлекеттік университетінің аспирантурасына жетелеп, сонда кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады.

Ғылыми ізденісін халықаралық деңгейде жалғастырған ғалым 1987-1990 жылдары Мәскеу мемлекеттік университетінде, 1992-1993 жылдары Ыстанбұл университетінде, сондай-ақ Германияның жетекші білім беру және ғылыми орталықтарында кәсіби біліктілігін арттырды.

Бұл тәжірибе оның дүниетанымын кеңейтіп, философиялық ізденістеріне жаңа серпін берді. Ғылым мен білім саласындағы еңбегі үшін әл-Фараби атындағы алтын және күміс медальдармен, М.В. Ломоносов атындағы алтын медальмен марапатталған.

Берік Аташтың пікірінше, Лесхан Асқардың ерекшелігі оның ғылыми тереңдігі мен адами болмысының үйлесімінде.

– Лесхан ағамыз қай ортада да адамдармен тез тіл табыса білетін, ақжарқын, әзіл-қалжыңының өзінде терең ой жататын шешен жан. Ол философиялық тұжырымдарды күнделікті өмірмен шебер байланыстырып, күрделі мәселелерді қарапайым әрі ұғынықты жеткізе алады. Сөз саптауындағы тапқырлық, ойындағы ұтқырлық пен ұйымдастырушылық қабілеті оны айналасына сыйлы тұлға етті. Бұл логикалық ойлау мәдениеті мен шешендік өнерді өмір тәжірибесімен ұштастыра білгенінің көрінісі, – дейді ғалым.

Асқар Лесханның ғылыми ізденістерінің негізгі бағыты – логика. Ол математикалық, көпмәнді, диалектикалық және формальді емес логика, софистика мен шешендік өнер логикасы салаларын терең зерттеген. Осы ізденістердің нәтижесінде Берік Аташпен бірлесіп, шығармашылық ойлауды дамытуға бағытталған «продуктивті логика» тұжырымдамасының қалыптасуына негіз қалады.

Ғалымның шығармашылық мұрасы логикамен ғана шектелмейді. Ол ұлттық философия, эпистемология және аударматану бағыттарында да нәтижелі еңбек етіп келеді. Осы уақытқа дейін 200-ден астам ғылыми мақала, оқулық, оқу құралы мен монография жариялаған.

Сонымен қатар оның ақындық қыры да шығармашылық тұлғасының өзіндік бір арнасы саналады.

Бүгінде Асқар Лесхан Әмірханұлы ғылымдағы ізденісін жалғастыра отырып, ұрпақ тәрбиесіне де ерекше мән беріп, немере сүйген бақытты отбасының ақсақалы атанып отыр. Оның өмір жолы білімге адалдықтың, үздіксіз ізденістің және ойлау мәдениетін өмірлік ұстанымға айналдырудың өнегесі.

Бұған дейін ғалым Әмірхан Темірбаевтың ғылымдағы жолы туралы жазған едік.