Қазақстанда ресейлік телеарнаның неліктен көрсетілмейтіні белгілі болды
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі ресейлік телеарналардың ел аумағында өшірілуіне түсінік берді, деп хабарлайды Kazinform.
«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес телеарналар мен телерадио хабарларын тарататын жеке операторлар арасындағы азаматтық-құқықтық қатынастар өз арасында жасалған шарттар негізінде реттеледі. TVCOM операторы бірқатар ресейлік телеарнаның құқық иесі „ПКВС Қазақстан“ ЖШС-мен (Первый канал. Всемирный сеть) әрі қарайғы ынтымақтастыққа қатысты бірнеше келіссөз қорытындысы бойынша шартты 2024 жылға ұзартпау жөнінде шешім қабылдағанын хабарлаймыз», — деп жазылған министрлік жауабында.
Себептер қатарында арналарды ретрансляцяилау құнының жыл сайынғы қымбаттауы (2018 жылдан 2023 жылға дейін құқықтар құны 75%-ға өсті), сондай-ақ құқық иеленушінің телеарналардың бүкіл пакетін сатып алу талабы көрсетілген.
Қазіргі уақытта келіссөз аяқталған жоқ және жалғасады.
«Сондай-ақ, ресейлік телеарналар „Телерадио хабарларын тарату туралы“ заңға сәйкес, ҚР бүкіл аумағында көпарналы хабар тарату арқылы таратылуы міндетті телерадиоарналардың тізбесінде жоқ екенін хабарлаймыз. Осылайша телерадио хабарларын тарату операторларына осы телеарналарды тарату жөніндегі міндеттеме қолданылмайды», — дейді Мәдениет және ақпарат министрлігі.
Айта кетейік, осыған дейін Отау ТВ операторының бағдарламалар пакетінен ресейлік Бірінші арнаны алып тастайтыны хабарланған болатын.