19:07, 28 Сәуір 2014 | GMT +5
Қазақстанда республикалық маңыздағы жолдарды жөндеу жұмыстары басталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда республикалық маңыздағы жолдардағы ойық-шұңқырларды жөндеу жұмыстары басталды, деп хабарлады «Қазақавтожол» РМК баспасөз қызметінен.
«Бүгінде шамамен барлық облыстарда жолдардағы шұңқырларды жөндеу жұмыстары басталды. Жолдағы жөндеу жұмыстарына Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстары кірісіп кетті», - делінген хабарламада.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, «Қазақавтожол» РМК 755016 шаршы метр жолды жөндеуді жоспарлаған. Бүгінде оның 151887 шаршыметрі жол жөнделді. Барлық облыстар бойынша мұндай жұмыстарға тартылған техника саны 300 бірлікті құрады.
«Қазақавтожол» РМК филиалдары да жол бойында белгі салуда.
Республикалық маңыздағы жолдардың жалпы ұзындығы 23657 шақырымды құрайды.