Қазақстанда республикалық маңызы бар автожолдардың 20 пайыздан астамы нашар - А.Жұмағалиев

Миинстрдің сөзіне қарағанда, жергілікті жолдардағы ахуал тіпті сын көтермейді, нашар күйдегі мұндай жолдар 37 пайызды құрайды. «Жақсы әрі қанағаттанарлық жағдайдағы жолдарға қатысты айтар болсам, олардың сәйкесінше пайызы біршама жоғары. Республикалық желі үшін бұл пайыз 79-ды құрайды әрі жергілікті желіде ол біршама төмен. Бүгінгі таңда жөндеу жұмыстарының қарқыны оң сипатқа ие. Біз ағымдағы жылы 5900 шақырымды, оның ішінде республикалық желінің 3500 шақырымын жөндеу және жаңғырту жұмыстарымен қамти алдық», - деді ол.
Сонымен қатар А. Жұмағалиев көілк саласындағы бірқатар проблемалы мәселердің басын ашып берді. «Бұлар: заңнамалық база мен басқару құрылымының жетілдірілмеуі, жөндеу жұмыстарының сапасы, автожолдардың жай-күйінің қанағаттанарлықсыздығы, автожолдарды жөндеу мен ұстап тұруға қаржыландырудың жеткіліксіздігі, үлкен жүк көліктерінің шамадан тыс жүк тасымалдауы, жолдардағы қауіпсіздікті қамту шараларының жеткіліксіздігі және сервис желісінің жоқтығы», - деген министр өзі басқаратын министрлік басқа мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, аталған кемшіліктерді жою бағытында бірқатар шараларды қолға алғандығын баса айтты.
Естеріңізге сала кетейік, 11 қазан күні өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Н.Назарбаев еліміздің жолдарының сапасы нашар екендігін сынаған болатын. Мемлекет басшысы атап өткендей, жол сапасы жөніндегі әлемдік рейтингте Қазақстан 144 елдің ішінде 117-ші орында тұр. Көлік және коммуникация миинстрлігінің мәліметтері бойынша, Қазақстандағы жалпы пайдаланылатын жолдың ұзындығы 97 мың шақырымды құрайды.