Қазақстанда робототехника саласында зерттеулер жүргізілуде
АСТАНА. 15 маусым. ҚазАқпарат - Назарбаев Университетінде робототехника саласында зерттеулер жүргізілуде және бұл зерттеулер келешекте еліміздің индустриялық саласында қолданылуы мүмкін.
Назарбаев Университетінде «Айналмалы платформа -алыстан өлшеуші лазерлік құралы» жүйесі үшін сенсор өлшемдерін қатар қолдану алгоритмдері зерттелуде. Зерттеушілер нысанаға дейінгі аралықты өлшей алатын ЛИДАР -оптикалық сенсор технологиясын лазерь пульстерін қолдана отырып пайдалануды ұсынуда.
«Қазір біз айналмалы платформаның шағын үлгісін жасаумен айналысып жатырмыз. Екі электр қозғалтқышынан тұратын платформа екі бірдей кеңістікте әртүрлі бағытта айнала алады... Біз ол платформаға сенсор -алыстан жобалайтын лазерлік құрал орнатпақпыз, робототехникада бұл жаңа технология мобилді роботтарды бір жерге жұмылдыру үшін, роботтар автоматтық режімде қоршаған кеңістіктің картасын жасаулары үшін, навигация жолдары мен мобилдік роботтардың кедергілерді айналып өту жолдарын жоспарлау үшін қолданылады»,- деді Назарбаев Университеті Ғылым және технологиялар мектебінің профессор Алмас Шынтеміров рm.kz сайтына берген сұхбатында.
Жобада қоршаған ортаның 3D-үлгісін жасау үшін HokuyoUBG-04lХ-F01 лазерлік өлшеу құралы қолданылады. 3D форматтағы мәліметтерді алу үшін ЛИДАР сенсоры қарапайым айналмалы платформаға орнатылатын болады.
Оған қоса, доңғалақты және мобилдік базаларға орнатылған гибридтік робототехникалық платформа жасау жобасы да жоспарланып отыр. Бұл жобаны Білім және ғылым министрлігі былтыр қолдаған болатын. Жобамен Назарбаев Университеті Ғылым және технологиялар мектебінің профессорлары Алмас Шынтеміров пен Атакан Варол айналысуда.
Бұл жобаның ғылыми жетістіктері қауіпті жағдайларда құбырлар желісін диагностикалауда, жарылғыш заттарды жоюда, төтенше жағдайлар кезіндегі жұмыстарда кеңінен және нәтижелі қолданыла алады. «Бұл жоба жетекші ұлттық компаниялармен ынтымақтастық орнату, Қорғаныс министрлігінің, өнеркәсіп салаларының міндеттері үшін аталмыш технологияларды кеңінен қолдану мақсатында жасалуда»,- дейді жоба авторларының бірі А.Шынтеміров.
Робототехника саласында қол жеткізіп отырған теориялық және тәжірибелік білім қоры еліміздің индустриялық саласындағы үлкен жобаларды іске асыруда кеңінен қолданылатыны анық.