Қазақстанда рұқсат беру құжаттары елу пайызға дейін қысқартылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Сенаттың жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне рұқсат беру құжаттарын қысқарту және рұқсат беру рәсімдерін оңайлату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
None
None

Заң жобасы Мемлекет басшысының рұқсат беру құжаттарын елу пайызға дейін қысқарту туралы тапсырмасын жүзеге асыруға бағытталады.

Бұл ретте құжаттың мақсаты Қазақстанда кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау, бизнеске әкімшілік қысымды азайту және жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу тиімділігін арттыру болып табылады. Соған сәйкес, заң жобасымен жеті кодекс пен отыз заңға қайталанатын және басы артық рұқсат беру құжаттарын жоюға, рұқсаттарды хабардар ету тәртібіне ауыстыруға және рұқсат беру рәсімдерін оңайлатуға бағытталған өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Бұл ретте екінші санаттағы бірқатар рұқсат түрлерінің күші жойылады. Атап айтқанда, заңнамадан реттеуші мемлекеттік органдар құзыретінен рұқсат беру құжаттарын беру жөніндегі функцияларды алып тастау арқылы 39 рұқсаттың күші жойылады. 18 рұқсатты хабарлама жасау тәртібіне ауыстыру қарастырылады. Бұл ретте кәсіпкерге қызметті бастағанға дейін реттеуші мемлекеттік органға қажетті ақпаратты көрсете отырып, хабарлама жіберсе жеткілікті болады. Ал 95 рұқсат беру рәсімдері оңтайландырылады. Осыған байланысты «бір терезе» қағидаты бойынша, яғни кәсіпкерге рұқсат берген кезде кәсіпкердің құжаттар жинау мен дайындауға барынша аз қатысуын, оның мемлектетік органдармен тікелей байланыстарын шектеуді көздейтін рұқсат құжаттарын орталықтандырылған түрде беру қамтылады.

Адам денсаулығы мен өміріне, экологияға, ұлттық қауіпсіздікке, сонымен бірге, халықаралық келісімдердің бұзылуына қауіп төнуіне жол бермеу мақсатында аса қауіпті қызмет түрлерін жүзеге асыратын 52 рұқсат қысқартуға жатпайды. Бұдан басқа, Қазақстанның халықаралық міндеттемелері шеңберінде регламенттелетін 41 рұқсат беру құжаты да қысқартылмайды. Тұтастай алғанда, рұқсат беру құжаттарын қысқарту мемлекеттік кірістердің қысқаруына да соқтырады. Мәселен, қысқартуға жататын он бір рұқсат құжатын беру ақылы негізде көрсетілген болатын.

Тұтастай алғанда, заң жобасын қабылдау бизнеске деген қысымды азайтуға, әкімшілік тосқауылдар санын қысқартуға, мемлекеттік органдарды артық функциялардан арылтуға, сонымен бірге, кәсіпкерлікті дамыту үшін барынша қолайлы жағдайлар жасауға мүмкіндік береді.

Соңғы жаңалықтар