Қазақстанда сақтандыру омбудсмені жаңа міндеттерді іске асырады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда сақтандыру омбудсмені жеке тұлғалар мен шағын кәсіпорындардың шағымдарын қарастыратын болады. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру және сақтандыру қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау кезінде ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Дауларды сотқа дейінгі реттеу институтын дамыту үшін жасалған сақтандыру омбудсменінің қызметін кеңейту ескерілген. Бүгінгі күні сотқа дейінгі реттеу институты сақтандыру омбудсменімен ұсынылған. Оның өкілетіліктері тек автокөлік иелерінің жауапкершілігін сақтандыруға ғана қолданылады. Бірақ, оның өкілеттіліктері сақтандырудың басқа түрлеріне қатысты кеңейту мәселелері қаралуда. Бұдан былай компания клиенті сақтандыру төлемінің мөлшерімен келіспеген жағдайда сақтандырудың кез келген түрі бойынша өз мүдделерін қорғау үшін сақтандыру омбудсменіне жүгіне алады», - деді Ақышев.
Белгілі болғандай, омбудсмен жеке тұлғалар мен шағын кәсіпорындардың шағымдарын қарастыратын болады.
«Даулардың сомалары 10 мың айлық есептік көрсеткішке немесе 24 млн теңгеге дейінгі мөлшерде. Аталған лимит дамыған елдермен ұқсас қойылған», - деп түйді ҰБ басшысы.