Қазақстанда салық төлеуге бір батырма жеткілікті болады
ҚР Қаржы Вице-министрі Ержан Біржанов жаңа Салық кодексінде қандай өзгерістер боларынын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Салық кодексі бойынша жұмыс толық көлемде жүріп жатыр.
Қазір жұмыс тобы құрылды, оған «Атамекен» палатасы мен бизнес өкілдері енді.
Әсіресе қосылған құн салығын басқару, салықтық тексерулер, камералдық бақылау, тіркеу мәселесі, мәжбүрлеп өндіріп алу бағыттары өте қызу талқылануда.
«Біз салық формаларын алдын ала толтыруды қамтамасыз ету, салық төлеуді жеңілдету, салық нысандарының санын қысқарту секілді жаңа тәсілдерді ұсынбақпыз. Есептілікті толтыру кезінде форматты-логистикалық бақылау бойынша қызметтер көрсетеміз. Бұл салық төлеушінің банк шоттарындағы міндеттемелері мен шектеулері болған кезде камералдық бақылау туралы хабарламаларды жоюға мүмкіндік береді. Егер салық төлеушіге толтыру кезеңінде көмектессек, алдағы уақытта қудалап жүрмейміз. Яғни, салық төлеуші тіркелген сәттен бастап фискалдық тұрғыда қолдау көрсетеміз», — деді Е. Біржанов ТМД елдерінің салық қызметтері басшыларының үйлестіру кеңесінің отырысында.
Спикер цифрлық шешімдердің күннен-күнге дамып келе жатқанын атап өтті.
«Банк секторы да кең ауқымды қызметтерді көрсететін болды, осыған байланысты біз салықты бір батырманы басып төлеу үшін операторлармен, банк жүйелерімен бірге жұмыс істеуіміз керек. Салық төлеуші үшін форманы толтырамыз, дұрыстығын растаймыз және төлем онлайн режимде жүзеге асырылады. Тіпті болашақта салықтың еш батырмасыз, автоматты түрде төленгенін қалаймыз. Біз осыған ұмтыламыз», — деді Е. Біржанов.
Қазіргі уақытта мемлекеттік кірістер органдары екі жаңа жүйені енгізу бойынша жұмыс жүргізуде, олар — салықтық әкімшілендірудің интеграцияланған жүйесі және интеграцияланған деректер базасы.
«Біріншісінде қызметтер есептілігін ұсыну бойынша қолданыстағы жүйелерді түбегейлі қайта қараймыз, оны бизнес ортаға жақындата түсеміз. Жүйелер тез және адам факторынсыз онлайн жұмыс істеуі керек. Екінші жүйе уәкілетті мемлекеттік органдармен және басқа институттармен жылдам өзара іс-қимыл жасауға мүмкіндік береді. Бұл жүйелер келесі жылдан бастап жұмыс істейді», — деді вице-министр.