Қазақстанда салықтық әкімшілеу жүйесін реформалау бойынша жобаны жүзеге асыру кезеңі басталды

АСТАНА. 21 ақпан. ҚазАқпарат - Бүгіннен бастап Қазақстанда салықтық әкімшілеу жүйесін реформалау бойынша жобаны жүзеге асыру кезеңі басталды.

Қазақстанда салықтық әкімшілеу жүйесін реформалау бойынша жобаны жүзеге асыру кезеңі басталды

Бұл туралы бүгін Астанада Қазақстан мен Халықаралық қайта құру және даму банкі арасындағы салықтық әкімшілеуді реформалау жөніндегі жобаның таныстырылуы барысында ҚР Салық комитетінің төрағасы Дәулет Ерғожин мәлім етті.

«Бүгінде Қазақстандағы салық салу және салықты әкімшілеу жүйелерін жетілдіруді жалғастыру қажет. Азаматтардың салықтық және бизнес жүргізу белсенділігін арттыру үшін жағдай жасау, инновациялық технологиялар мен үрдістерді енгізуге жағдай жасау - Дүниежүзілік банкпен бірлескен жобаның мақсаты болып табылады», - деді ол.

Оның атап өтуінше, жоба еліміздегі салықтық әкімшілеуді нығайтуға және реформалауға, салық төлеушілердің ҚР Салық заңнамасын өз еріктерімен сақтау деңгейін артыруға, және салық төлеуден жалтарумен күресу шараларының тиімділігін арттыруға бағытталған.

Аталған жобаның жалпы құны 57 млн. АҚШ долларын құрайды. Оның ішінде Дүниежүзілік банктің займы - 17 млн., ҚР Үкіметінің займы 40 млн. долларды құрайды.