Қазақстанда салықтық тексерулер үш есе азайды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері бойынша бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
"Мұндағы басты стратегиялық мақсат - бизнеске қолайлы жағдай жасап, кедергілердің көзін жою. Қазақстан заңнамаларына, атап айтқанда 14 кодекс пен 109 заңға жалпы көлемі мыңға жуық өзгерістер енгізіліп отыр", - деді Астана қаласы мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Қанат Әділбаев Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-да өткен семинарда.
Оның айтуынша, былтырдан бастап, Қазақстанда салықтық тексеру жұмыстары азайып келеді.
"Биылғы тексеру жұмыстарын 30 пайызға қысқартуды көздеп отырмыз. Келесі жылы бұл көрсеткіш тағы 10 пайызға төмендейді. Салыстырмалы түрде, былтырғы жартыжылдықта тексеру саны 2300-ге жуық болса, биыл 700-ден де асқан жоқ. Яғни, тексеру жұмыстары үш есеге азайды. Алым бойынша, тек қана кемені тіркеу және несие беру алымдары ғана өз күшінде қалды. Қалған алымдардың барлық түрлері алынып тасталды", - деді Қ. Әділбаев.