Қазақстанда салынған теміржол ұзындығы ТМД елдерінің бәрін қоса алғандағыдан асып түсті - Премьер-министр
АСТАНА. 2 тамыз. ҚазАқпарат - Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда салынған теміржол құрылысы осы кезеңдегі ТМД елдерінің бәрін қоса алғандағы темір жолдардан асып түсті. Бүгін Астанадағы «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ ғимаратында өткен Қазақстанның көлік қызметкерлерінің күніне арналған салтанатты жиында ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов осылай мәлімдеді.
Сөз арасында Үкімет басшысы тәуелсіздік жылдары теміржол саласында ауқымды шаралар атқарылғанын айта келе, бұл саланың экономиканың тұтастығын қамтамасыз етуге зор септігін тигізетініне тоқталып өтті. «Қазақстан арқылы Қытай мен Еуропалық елдерді, ТМД мен Парсы шығанағы елдерінің көліктік нөпірін қамтамасыз ететін ірі трансқұрлықтық маршруттар өтеді. Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда салынған теміржол құрылысы осы кезеңдегі ТМД елдерінің бәрін қоса алғандағы темір жолдардан асып түсті. Салынған және салынып жатқан теміржолдардың жалпы ұзындығы 2,5 шақырымды құрап отыр», - деді С. Ахметов.
Сонымен қатар, Үкімет басшысы ағымдағы жылдың мамыр айында Қазақстан мен Түркіменстан мемлекеттерінің басшылары екі елді байланыстыратын тікелей теміржол қатынастарын ресми түрде ашқанын атап өтті. Ал 2012 жылы жалпы ұзындығы 2200 шақырымды құрайтын Жезқазған-Бейнеу, Арқалық-Шұбаркөл бағыттарында да шойынжол құрылысы басталды. «Бұл жобаларды жүзеге асыру орталық Ресей мен солтүстік Қазақстанды Орталық Азия елдерімен, Иранмен байланыстыратын болады. Жаңа жоба біздің еліміз үшін аса маңызды. Біз батыс және шығыс өңірлерді Қазақстанның орталық аймағымен теміржол қатынастары арқылы қосатын боламыз. Бұны ел де, елдің кәсіпкерлері де асыға күтіп отыр», - деді Премьер-Министр.
Салтанатты жиын барысында Үкімет басшысы С. Ахметов пен «Қазақстан темір жолы» ҰК президенті А. Мәмин теміржол қызметіндегі көпжылғы еңбегі мен саланың дамуына қосқан жеке үлесі үшін бірқатар азаматтарды «Құрметті теміржолшы» белгісімен марапаттады.