Қазақстанда сандық телевизияны енгізудің 1-кезеңі аяқталды
АСТАНА. 29 қазан. ҚазАқпарат - Қазақстанда сандық телевизияны енгізудің 1-кезеңі аяқталды. Бұл туралы бүгін Астанада «Сандық дәуірдегі телевизия: қазақстандық болмыс пен жаһандық үрдіс» атты форум барысында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің төрағасы Болат Кальянбеков мәлім етті.
«Бүгінгі таңда Қазақстанда сандық телевизияны енгізудің 1-кезеңі аяқталды. Сандық жүйе еліміздің 5 қаласында пайдалануға берілді. Олар: Астана, Алматы, Қарағанды, Жезқазған және Жаңаөзен. Сандық телевизияның халықты қамту деңгейі 23 пайызға жетті, бұл шамамен 3,2 млн. адам. 2017 жылға дейін Қазақстан халқын сандық телевизиямен қамту 95%-ға жетеді», - деп атап өтті Б.Кальянбеков.
Министрліктің ақпараты бойынша, екінші кезеңде 13 облыс орталығы мен шекаралық аймақтар қамтылатын болады.
«Сонымен қатар спутниктік цифрлық телевизия іске қосылды. Бүгінде «ОТАУ ТВ» спутниктік желісін 407 мыңдай отбасы тұтынып отыр. 2020 жылға қарай олардың саны 1 млн. адамға жетеді деп күтілуде», - деді комитет басшысы.
Айта кетейік, сандық телевизия Қазақстанда 2015 жылға дейін толық енгізіліп бітеді деп жоспарлануда.