Қазақстанда санитарлық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты - Бас санитарлық дәрігер

АСТАНА. 18 шілде. ҚазАқпарат - Елімізде санитарлық-эпидемиологиялық ахуал тұрақты.

Қазақстанда санитарлық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты - Бас санитарлық дәрігер

Бұл туралы бүгін брифинг барысында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мемлекеттік санитарлық эпидемиологиялық қадағалау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин мәлім етті.

«2011 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 29 нозология бойынша, оның ішінде жіті вирустық гепатитпен сырқаттанушылық 38,6, А вирустық гептиті 39,3, В вирустық гепатиті 32,6, қызылша 39,5, сарып ауруы 22,6, бактериалдық дизентерия 15,9, ЖҚТБ-мен сырқаттанушылық 15,1, тыныс алу мүшелерінің туберкулезі 7,8, жіті ішек инфекциялары 3,9 пайызға төмендеді», - деді ол.

Оның атап өтуінше, ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты болды. Тұрғындардың тырысқақ, іш сүзегі, паратиф, оба, күйдіргі, дифтерия, сіреспе, полиомиелит, аусыл ауруларымен сырқаттану жағдайлары тіркелмеген.  Тек туляремияның, безгектің, трихинеллездің бірен-саран дерегі тіркелген.

Ағымдағы жылы республиканың 7 өңірінде үй жағдайында дайындалған және әртүрлі мереке-тойларда қоғамдық тамақтану кәсіпорындарында әзірленген тағамдардың дұрыс сақталмауы, сондай-ақ тіркелмеген кондитерлік цехтар өнімдерін пайдалануға байланысты жіті ішек инфекцияларының топтық сырқаттанушылық жағдайлары тіркелген.